Ол «таза соғысқан» ешкімді таппағасын соң, өзін «наградтай» салуға шешім қабылдаған сияқты
Шешен Республикасының басшысы Рамзан Кадыров өз-өзін «Шешенстан батыры» атағымен марапаттап, оның медалін алды.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Рамзан Кадыров «Шешен Республикасының батыры» атағын өткен жылдың қараша айында белгілеген екен.
Медальды тапсыру рәсімі Ресейдің Отан қорғаушылары күніне арналған іс-шара аясында болды.
Атақты беру туралы ережеге сәйкес, ол «қаһармандық ерлік» жасағандарға берілуге тиіс. Бірақ Кадыровтың бұл атақты алатындай қандай ерлік жасай қойғаны айтылмайды.
Сізді Республиканың жоғары марапаты – Шешен Республикасының №1 батыры атағын алуыңызбен Шешен Республикасы Парламентінің депутаттары атынан және жеке өзімнің атымнан шын жүректен құттықтаймын! Сіздің Шешен Республикасы мен Ресей Федерациясы алдындағы еңбектеріңізді бағаламау мүмкін емес. Олар ешбір асырып айтпағанда, арнайы зерттеуге лайық, – деді Парламенттің төрағасы Магомед Даудов.
«Лорд» деген лақап аты бар Магомед Даудов «Шешенстан батыры» атағының иегеріне арнайы жеңілдіктер мен ақшалай төлем берілетінін де ескертті.
«Шешен Республикасының батыры» медалі – 750-ші өлшемді 70 грамм алтыннан дайындалған сегіз бұрышты жұлдыз. Оның негізгі бөлігінің жоғарғы жағында «батыр» деген мағына беретін «къонах» деген сөз жазылған. Ал төменгі жағын «Аллаху Акбар. Ахмат деген – күш» деген ұран безендіріп тұр. Награданың келесі бетінен «Шешен Республикасының батыры» деген жазуды оқуға болады.
Алғашқы кезде медаль Украинадағы соғыста «көзге түскен» жауынгерлерге беріледі деп жоспарланған екен. Алайда украин жеріне барған шешендер одан гөрі жергілікті жұртқа зорлық-зомбылық жасаумен, халықты тонаумен, сондай-ақ алғы шептен алыста жүріп, тик-ток түсірумен көбірек танылып кеткеннен кейін «таза соғысқан» ешкімді таппағасын соң, Рамзан Кадыров ең алдымен өзін «наградтай» салуға шешім қабылдаған сияқты.