×

Моноұлт болу, «Болашақ» бағдарламасы, кадрлық резерв – Академик Тоқаевқа үш кеңес айтты

Танымал ғалым «болашақтықтарға» жұмсалған инвестицияның ақталған-ақталмағанын зерттеу керегін айтты

 Халық үні 26.02.2023 | 15:27

Танымал ғалым, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы «Qasqa jol» Youtube арнасында журналист Абай Сейфуллаға берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа нақты үш ұсыныс-пікірін жеткізді.

«Біріншіден, біз елді тұтастандыратын идеяларды көптеп жүзеге асыруымыз керек. Қазақстанда Ассамблея бар дегенімізбен, салмақты этностар он шамасында ғана. Бұл дүниені біз көп айта бермеуіміз керек. Біз Қазақстан моноұлтты екенін көбірек айтып, әлеуетті этностарымызбен бірлікте жұмыс жасауға көңіл бөлуіміз қажет. Бұл – елдің тұтастығына қызмет ететін нәрсе.

Екінші жағдай, мемлекетіміз жастарды «Болашақпен» оқытуға үлкен қаржы жұмсады. Он екі мың адам оқып келді. Бір-екі пайызы келмей қалған күннің өзінде, басқасының сұрауы бар. 20-жылдары Алаш зиялыларының соңғы буыны да шетелде, атап айтқанда, Германияда оқыды, пайдасын тигізді. Енді «болашақтықтарға» жұмсалған инвестицияның ақталған-ақталмағанын зерттеуіміз қажет.

Үшінші мәселе, Президенттік кадрлық резервке қатысты. Біз бұл мәселеге халықтың дәстүрі тұрғысынан қарауымыз керек. Ең мықты деген азамат 60-70 адамды тани алады екен. Яғни, білігін, парасатын, деңгейін біле алады. Ал өте ғұлама адам 150 адамға дейін танитыны дәлелденген. Ондай адамдар өте сирек. Сондықтан, Қазақстанның өңір-өңірінде бұрын билікте болған, халық сенетін адамдар бар. Соның әрбірі кемінде 10-20 адамды айтса, «Мына азамат елді жақсы көреді, мына азаматтан пайда бар, іскер, үмітті ақтайды» деп ұсыныс беріп отырса, кадрлық резервтің үлкен қоры немесе негізі содан қалыптасар еді деп ойлаймын. Ондай азаматтар ел ішінде қарапайым ғана жүруі мүмкін, бірақ шыншыл, айта алады, істей алады. Міне, резервті осылай жинау қажет», - дейді Дихан Қамзабекұлы.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Qasqa jol» Youtube арнасынан көре аласыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама