Түркиядағы жер сілкінісі: қазақстандық құтқарушылар адамдарды үйінді астынан қалай құтқарғанын айтты
Олар 88 мәйітті шығарған
Түркиядағы жер сілкінісінің салдарын жоюға Астанадан 20 құтқарушы жіберілді. Олар шетелге барған алғашқы күні 3 адамды үйінді астынан алып шыққан. Бір адамды құтқару 3 сағатқа дейін жалғасқан. Бұл туралы Halyq Uni тілшісіне Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментіне қарасты №2 бөлім басшысы, құтқарушы Исламбек Амангелдинов айтты.
ҚҰТҚАРУШЫЛАР ҚАЛАЙ ІРІКТЕЛДІ?
Олар Нұрдағы қаласындағы құтқару-іздестіру жұмыстарына қатысқан.
«Құтқарушыларды іріктеу кезінде олардың тәжірибесіне, жұмыс өтіліне назар аударылды. Іріктелген 20 адамның ішінде тәжірибесі аз жігіттер де бар. Осыған қарамастан олар өздерін жақсы жағынан көрсете білді. Арамызда ең үлкені 53 жастағы әріптесіміз, ал ең кішісі небәрі 21 жаста. Оның жұмыс істеп жүргеніне 2 жыл болды», - дейді Исламбек Амангелдинов әріптестері жайлы.
Оның айтуынша, іріктеу жұмыстары өте жылдам жүргізілген.
Бірінші эшелон Алматы қаласынан жолға шықты. Алайда біздің екінші эшелонмен баратынымыз ескертілмеді. Кешкі сағат 8 шамасында бөлім басшыларына хабарласып, кімнің паспорты бар-жоғын сұрады. Төлқұжаты бар адамдардың тізімі жиналып, оның ішінде 20 адам іріктелді, - дейді Амангелдинов.
ТҮРКИЯДАҒЫ КҮНДЕР
Қазақстандық құтқарушылар мінген ұшақ Түркияның Газиантеп қаласындағы әуежайға қонған. Қанша адамды қай жаққа жіберілетіні Газиантептегі штабта шешілген.
«Астана және Қарағандыдан жиналған құтқарушыларды Нұрдағы қаласына жіберді. Ол жаққа жергілікті уақыт бойынша түнгі 11-12 шамасында жеттік. Әкімшілік қарсы алып, арнайы орын бөлді. Өзімізбен бірге апарған палатканы да құрдық… Таңғы 6-да жұмыс істейтін нысанға алып барды. Алдымен екі қабатты үйге бардық. Объектіде Түркияның құтқарушылары жұмыс істеп жатты. Сол себепті бізді басқа үлкенірек нысанға жебіруді жөн көрді», - дейді Исламбек Амангелдинов.
Артынша құтқарушыларға 7 қабатты қираған ғимарат беріліп, үйінді астында шамамен 20 адам қалғанын айтқан.
«Жұмысқа кірісіп, барлау жұмыстарын жүргіздік. Сыртынан қараған кезде адам таппадық. Себебі алдымызда әрбір құлаған үйді Түркияның құтқарушылары тез арада аралап, ішінен тірі қалған адамдар мен мәйіттерді шығарған. Алайда тереңірек қазбаған. Біз жұмысқа кірісіп, үйінді астына кірдік. Ол жерде тірі адам бар екенін байқадық. Ол уақытта кешкі сағат 9 шамасы еді. Шамамен 50 жастағы ер адам табылды. Оны шығаруға 3 сағат уақыт кетті», - дейді Исламбек Амангелдинов.
Сол сәтте әйелдің дауысы шыққан. Қай жерде екені анықталған соң құтқарушылар тобы екіге бөлініп жұмыс істеген.
Қауіпсіздік техникасын бұзбау үшін ең алдымен ер адамды шығардық. Оның жағдайы ауыр еді. Аяқ-қолы, денесі түгел қысылып қалған. Тыныс алуы да қиындаған. Екі жақтан жұмыс бастасақ, қауіпсіздік жағынан қауіп төнеді. Екі жақтан гидравликалық құрылғымен жұмыс істеген жағдайда үстімізден үйінді құлауы мүмкін еді, - деп еске алды құтқарушы.
Әйелді шығарып жатқан кезде жанында анасы да бар екені анықталған. Екі әйел дене жарақатын алмаған. Оларды үйінді астынан шығаруға 6 сағат кеткен. Осылайша қазақстандық құтқарушылар Түркиядағы алғашқы күні 24 сағат жұмыс істеген.
«Сол тұрғын үйдегі үйінді астынан аман қалған 3 адам мен 11 мәйітті алып шықтық. Ішінде 3 бала бар. (...) Жер сілкінісі таңғы сағат 4-те болды. Мәйіттің көбі жатын бөлмеден табылды. Жер сілкінгенде киініп үлгерген адамдардың мәйіті подъезд аумағынан табылды. Әкімшіліктен архитекторды шақырып, бөлмелердің қалай орналасқанын сызып көрсетті. Жатын бөлмеде табылған адамдардың денесі қатты зақымданған. Ештеңе істеп үлгермеген, өзіне қауіпсіз жер таба алмаған. Жатқан қалпында тақтаның (плита) астында қалған», - дейді құтқарушы.
ҚҰТҚАРУШЫЛАР ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛАДЫ?
Исламбек Амангелдиновтің айтуынша, құтқарушылар тұрақты түрде полигонда дайындалған. Жер сілкінісі салдарын жою кезінде де теориялық жинаған білімі көмектескен.
Полигонда оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Сол жерде теориялық білімді тәжірибеде қолдандық. Ең үлкен оқу-жаттығу – «Қазқұтқару». Ол жыл сайын өтеді. Қазақстанның әр облысынан құтқарушылар келіп, өнерін көрсетеді. Іс-шара оқу-жаттығу, семинар және жарыс түрінде өтеді, - деді құтқарушы.
Ал жер сілкінісіне байланысты оқу-жаттығу Алматыдағы арнайы полигонда өтеді.
ТҮРКИЯДАҒЫ ЖЕР СІЛКІНІСІ
6 ақпанда Түркияда магнитудасы 7,8 баллды құрайтын жойқын жер сілкінісі болды. Жер асты дүмпуі елдің 10 провинциясына әсер етті.Жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін Қазақстаннан 100-ге жуық адамнан тұратын төтенше жағдайлар министрлігінің Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Қарағанды облысынан жиынтық тобы құрылды.
7 және 9 ақпанда ТЖМ жиынтық тобы 2 эшалонмен жолға шығып, ең күрделі қираған объектілерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді.
Қазақстан ТЖМ күштері Түркияның құтқарушыларымен бірлесіп, барлығы 7 адамды құтқарып, 88 адамның мәйіті шығарды, оның ішінде 10 бала бар.