Ауған студенті не үшін отанына қайтқысы келмейтінін айтты
Назарбаев университетінің студенті Алла Бахман Ибрахими қазақ қыздары тәрбиесі мен мейірімділігімен ерекшеленетінін айтып, болашақта қазақ қызына үйленгісі келетінін жеткізді.
«2016 жылы Ауғанстаннан Алматыға келіп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бір жыл бойы қазақ тілін үйрендім. Жыл өткен соң Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде «құрылыс» мамандығы бойынша оқуға түстім. 2020 жылы Ауғанстанға оралып, 1 жыл ауған үкіметіне қызмет еттім. 2021 жылы Назарбаев университетіне «құрылыс» мамандығы бойынша магистратураға грантқа түстім. Қазір 2-курс студентімін. «Тілге құрмет – елге құрмет» дегендей, Қазақстанға келгенде ең әуелі қазақ тілін үйрену керек деп ойлаймын. Екіншіден, Ауғанстан – көпұлтты мемлекет. Мен – хазарамын. Хазарлар да, қазақтар да – түрік. Сондықтан Қазақстан тарихын үйрену үшін қазақ тілінен бастау керек деп ойладым. Ауғанстанда соғыс болды. Ал Қазақстан – тыныш ел. Біз, ауғандар тыныштық пен тұрақтылықта өмір сүруді қазақтардан үйренеміз», - деді Алла Бахман Ибрахими.
Назарбаев университетінің студенті соңғы 2 жылдан бері Ауғанстан қыздар үшін мектептер мен колледждердің есігі жабық екеніне күрсініспен айтып, қазақ қыздарының еркіндігін ерекше атап өтті.
«Ауған қыздары мектепке бара алмайды. Себебі тәліптер рұқсат бермейді. Қазақ халқы тұрақтылықты бағалауы керек. Өзім Ауғанстаннан болғандықтан оның маңызын өте жақсы түсінемін. Өйткені сіздерде бар бейбітшілік бізде жоқ. Қазақстанда мүмкіндіктердің барын бағалап, қуаныңыздар! Қазақ қыздарымен бірге оқимын, дос болып кеткенбіз. Бірге жұмыс істейміз. Олар өте білімді, еңбекқор, ақылды, еркін. Алдағы уақытта жолымда жақсы бір қазақ қызы жолығып жатса, үйленемін. Себебі мейірімділігі мен тәрбиесі қатты ұнайды», - деді ауған азаматы.
Алла Бахман Ибрахими Қазақстан азаматтығын алса, осы елге аянбай еңбек етуге әзір екенін жеткізді. 7 жылдан бері Қазақстанда тұрып келе жатқан ол қазірдің өзінде елді дамытуға өз үлесін қосып келеді.
«Осы жерде білім алып, еңбек етсек те, төлқұжат бермейді. Германия, Францияда 4-5 жыл тұрсаң, азаматтық береді. Азаматтық берсе, қазақ еліне қызмет етер едім. Екі жылдан бері достарымызбен бірігіп ашқан NEC компаниясында ағылшын тілінен (онлайн/офлайн) сабақ беремін. Бауырларым көп, бір қарындасым Алматыда білім алып жатыр. Арманға айналған азаматтықты алып алсам, отбасымды көшіріп алып келе аламын. Өйткені Кабулдағы жағдай өте нашар», - деп күрсінді Алла Бахман Ибрахими.
Кейіпкеріміз Қазақстандағы достарымен бірге Павлодар, Алматы, Түркістан, Шымкент, Көкшетау қалаларына саяхаттаған екен. Сол кезде қазақ халқының қонақжай екеніне тағы бір көз жеткізіпті.
Қазақстанда білім алуға мүмкіндік көп. Ұлттық тағамдары – ет асқаны қатты ұнайды. Наурыз көже, бауырсақ, қымызы жақсы. Біздің де өз наурыз көжеміз бар. Бірақ сіздердікіне қарағанда басқаша. Ал Қазақстанда ұнамайтыны – Астанада күн өте суық. Оған қоса, елорданың экологиясы өте нашар, бұл – үлкен мәселе деп ойлаймын, - Алла Бахман Ибрахими.