«30 пайызы қирауы мүмкін»: вице-министр Алматыдағы сейсмикалық ахуалды айтты
Медеу, Бостандық аудандары плиталардың ажыраған тұсында орналасқан
Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Алматының қай аудандары жер сілкінісі кезінде өте қауіпті екенін айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
Ол Алматы сейсмикалық қауіпті аймақтың бірі екенін атап өтті.
Алматы 27 қауіпті тектоникалық жарық аумағында орналасқан. Негізгісі – қаланың таулы аудандары. Басқаларға қарағанда, Түрксіб ауданы – барынша қауіпсіз, қалғандары (Медеу, Бостандық аудандары) плиталардың ажыраған тұсында орналасқан, сол себепті қауіп жоғары, - деді вице-министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ол жойқын жер сілкінісі болса, Алматыдағы ғимараттардың 30 пайызы қирап қалуы мүмкін екенін мәлімдеді.
«Қаланың 60-70 пайызы қирап қалады деген пікірмен келісе алмаймын. Бірақ болжам бойынша 9 және одан да көп балдық алапат жер сілкінісі кезінде ғимараттардың 30 пайызы қирауы мүмкін. Тиісінше, қандай шығын келетінін есептеу қажет», - деді ол.