Қазақша білгенімнің арқасында Кабулдағы әке-шешеме жұмыс тауып бердім – Ауғанстан азаматы
Назарбаев университетінде жұмыс істейтін ауған босқынымен сұқбат
Назарбаев университетінде зерттеуші болып жұмыс істейтін ауған босқыны Мохаммад Навид Баят Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында тәліптер жайлы ашық пікір білдіріп, бұқаралық ақпарат құралдарындағы олар жайлы жағымды пікірлерге сенбеуге шақырды.
«Автоматпен жұмыс істеуді ғана біледі. Олар өзгерген жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жатқан жағымды ақпараттар – өтірік. Тәліптер не десе, соны журналистер айтуға мәжбүр. Міндетті түрде соны айтуы керек. Қарсы келсе, ғұмыры сол жерде тоқтайды. Немесе азапқа айналады. Ауғанстанда қазір 36 миллион халық бар. Қазақстаннан екі есе көп. Ауған халқы талантты, өте білімді. Қазіргі үкімет биліктен кетсе, 10 жылдан кейін елдің болашағы жарқын болады. Өзім де Ауғанстанға қайтып, қызмет етер едім. Тәліптердің діннен хабары жоқ, түсінбейді. Намаз оқи алмайды. Өзім көргенмін. Олар – білімсіз. Білім болмаған жерде оларда қандай дін бар?», - деді М.Баят.
Тоғыз тіл білетінін айтқан Мохаммад Навид 7,5 жылдан бері Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр. Айтуынша, Қазақстанда ауғандарға азаматтық бермейді. Ол мүмкін болса Кабулда қалған ата-анасы мен бауырларын Қазақстанға көшіріп алғысы келетінін айтып күрсінді.
«Отбасында 16 адамбыз, 14 бауырым бар. Әке-шешем өте білімді жандар, бауырларым да білім қуған. Магистратура бітірсе де, қазір елден жұмыс таппай отыр. 2016 жылы Алматыға грантқа оқуға түстім. Оқып жүріп қазақ, орыс, өзбек тілдерін меңгеріп алдым. Қазақ тілін білгенімнің арқасында бірнеше жобаны жүзеге асырып, Ауғанстандағы әке-шешемді онлайн жұмыспен қамтып отырмын. Грант бөліп, білім алуға мүмкіндік берген Қазақ еліне алғысым шексіз. Қазақ жастары өте білімді, мейірімді. Оларға қарап, 5-6 жылдан кейін Қазақстан ең озық елдің қатарына қосылады деп сеніммен айта аламын», - дейді Мохаммад Навид.
Сұқбат барысында Мохаммад Навид Ауғанстанға көңілі толмайтын тұстарды атап, өз отанында өгейдің күйін кешкен отбасын ойлап, жүрегі ауыратынын жеткізді.