Жоғарғы сот әскерде қолынан айырылған сарбазды 3 жылдан асқанда бір-ақ ақтады
Моральдық залал ел бюджетінен өндіріледі
Маңғыстау облысында полигондағы сабақтардан кейін қатардағы жауынгер мүгедек болып, жауынгерлік гранатаның жарылғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлады «Диапазон».
Жоғарғы сот 3 жылға жуық уақыттан кейін сарбаздың кінәлі емес екенін анықтады. Өйткені ол оқиғаға әскери бөлім басшылығының немқұрайлылығы себеп болған.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың жазында Маңғыстау облысындағы Бекет ата оқу полигонында 99116 әскери бөлімі жаттығу өткізген болатын. Сол сәтте олар оқу гранаталарын емес, жауынгерлік гранаталарды қолданған.
Қатардағы жауынгер Сергей Кошелев Ф-1 гранатасын лақтырған кезде жарылыс болған. Ол сол жерде ауыр жарақат алып, бір көзінің көру қабілетінен және қолынан айырылды. Сондай-ақ жарылыс салдарынан әскери бөлімге 6 млн теңге залал келді.
2020 жылдың сәуір айында Ақтөбе гарнизонының әскери соты бұл іс бойынша үкім шығарды. Артиллериялық қару-жарақ қызметінің бастығы, капитан Хасен Абдушахимовке айналасындағыларға қауіп төндіретін қару-жарақ пен заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін (ҚР ҚК 462-бабының 1-бөлігі) 505 мың теңге айыппұл салуға үкім шықты. Дәл осы баппен зәбір көрген Сергей Кошелев те кінәлі деп танылды. Бірақ ол қылмыстық жауапкершіліктен бірінші рет қылмыс жасағаны үшін және онысы қоғамға қауіпті емес болғаны үшін босатылды. Ал Сергей Кошелев кінәсін мойындамады.
Бас прокуратура іске араласып, айыптау үкіміне наразылық білдірді, іс Жоғарғы сотқа жетті. Жоғарғы соттың сот алқасы оқу-әдістемелік сабақтарда жауынгерлік гранаталарды мүлде қолдануға болмайтынын анықтады. Сондай-ақ сабақтарда қауіпсіздік шараларымен танысу туралы қағазға басқа біреудің қол қойғанын анықтады. Мұны сот-қолжазба сараптамасы растады.
Шын мәнінде сарбаз қауіпсіздік шаралары туралы білмеген, оларға полигондағы ережелер таныстырылмаған әрі ол гранаталардың жауынгерлік екенінен бейхабар болған. Осылайша, сот алқасы сабақтарда жауынгерлік гранатаның жарылуына командирлер мен офицерлердің жауапсыздығы себеп болды деген қорытындыға келді.
Әскери бөлімнің басшылығы оқ-дәрілерді күзетуді бақылау мен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз етпеді. Оқытылмаған әскери қызметшілерге немқұрайлы қарауға және жауынгерлік гранаталарды заңсыз қолдануға жол берді. Соның салдарынан ауыр зардаптар туындады, – делінген Жоғарғы сот алқасының қаулысында.
Нәтижесінде Жоғарғы сот Ақтөбе гарнизоны әскери сотының айыптау үкімін жойып, Сергей Кошелевтің іс-әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтатты.
Сөйтіп, Кошелевтің кінәсіздігін дәлелдеу үшін 3 жылдан аса уақыт қажет болды. Сот алқасы оған зиянды қалпына келтіру және өтеу құқығын қалдырды. Мұндай фактілер бойынша моральдық залал ел бюджетінен өндіріледі.