×

«Қазақстанда бәрін сатып алуға болады». Марафоншы депутаттық төсбелгісін не үшін сатуға шығарғанын айтты

Марат Жыланбаев 2006 жылғы Екібастұздағы жайтты есіне алғысы келмейді

 Данияр Айтпайұлы 29.03.2022 | 11:37
Марат Жыланбаев, марафоншы

Әлемнің жеті дүркін рекордсмені, жер жаһанға аты мәлім марафоншы Марат Жыланбаев алтын жалатылған депутаттық төсбелгісін саудаға шығарды.

Атақты қазақстандық марафоншы Марат Жыланбаев бір жылдары өзі туып-өскен Екібастұз қаласында депутаттық қызмет атқарған болатын. Енді марафоншы сол кезден қалған депутаттық төсбелгісін саудаға шығарды. Оны 100 мың теңгеге бағалапты. Бұл туралы даңқты спортшы өзінің Facebook және Instagram желісіндегі жеке парақшасында жариялады.

Марат Жыланбаев жазбасын жалғастырып: «Бізде Қазақстанда барлығын сатып алуға болады, депутаттық орынды да, орденді де, қызметті де», деп пікір білдірген.

Halyq Uni тілшісі желідегі жазбаға қатысты марафоншының өзіне хабарласып, мән-жайды сұрап білді. Айтуынша, төсбелгі 2003 жылы Екібастұз қаласының депутаттығына қайта сайланған кезде табысталған.

«Бұл төсбелгілерді қанша және қандай қаражатқа сатып алғанын білмеймін. Бірақ сол жылы Екібастұздың мәслихатына сайланған барлық 17 депутатқа осындай алтын төсбелгілер берілді. Қазір ол босқа жатыр. Онымен қоса, бұл төсбелгіге қатысты жайсыз естеліктерім де бар. Сондықтан сатып жіберуді дұрыс шештім», - дейді Марат Жыланбаев.

2006 жылы белгілі спортшы Екібастұз қаласының әкімін тағайындау барысындағы бассыздыққа куә болып, қарсылық ретінде депутаттық қызметінен кетіп қалады.

«Қала әкімін сайлау еркіндігі жергілікті мәслихатқа берілді. Біз халықтың пікірін ескеріп, бірауыздан бір кандидатты ұсындық. Алайда, билік басындағылар белден басып, өз адамын тағайындап жіберді. Мәселе сотқа дейін жеткен еді. Сол жолы екі әріптесіммен бірге депутаттықтан кетіп қалдық», - дейді Марат Жыланбаев.

Депутаттық төсбелгіні сату туралы ақпарат кеше ғана шыққанына қарамастан, сатып алуға ниет білдірген азаматтар көп көрінеді. Тіпті, бастапқы бағасынан әлдеқайда қымбат ұсынып отырғандар да бар.

Жалпы, Парламент депутаттарына алтын төсбелгі беруге қарсымын. Бұл салық төлеушілердің қаражаты ғой, - дейді марафоншы.

Марат Жыланбаев Сахара (Африка), Үлкен Виктория (Аустралия), Ажал алқабы (Солтүстік Америка), Қарақұм (Қазақстан) сияқты әлемдегі ең үлкен шөл далаларды жүгіріп өткен жалғыз марафоншы. Бұл рекордты әлі күнге дейін ешкім жаңартқан жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама