Halyq Uni логотип
×

АҚШ Ресейді адамзатқа қарсы қылмыс жасап отыр деп айыптады

Құрама Штаттардың вице-президенті РФ басшылығының жауапқа тартылатынын айтты

 Дастан Жұмабекұлы 21.02.2023 | 14:15
АҚШ Ресейді адамзатқа қарсы қылмыс жасап отыр деп айыптады
фото: ашық дереккөз

АҚШ соғыс басталғалы бері бірінші рет Ресей Федерациясы билігіне адамзатқа қарсы қылмыс жасап отыр деген ауыр айып тақты. Бұл туралы Politico хабарлады.

Құрама Штаттар вице-президенті Камала Харрис ханым Германияның Мюнхен қаласында өткен қауіпсіздік жөніндегі конференцияда Ресейдің Украина жеріне жасап жатқан соғыс қылмыстарын жалпы адамзатқа қарсы жасалып жатқан қылмысқа теңеді.

АҚШ Ресейдің адамзатқа қарсы қылмыс жасағанын ресми түрде анықтады. Мен мұны бұл қылмысты жасағандардың бәріне, олардың басшылығына, осы қылмысқа қатысы барларға қарата айтамын: сіздердің барлығыңыз қылмыстық жауапқа тартыласыздар, – деді вице-президент.

Камала Харрис Құрама Штаттардың Ресей армиясының Украинада бейбіт тұрғындарға қарсы жасаған барлық қылмыстарының айғақтарын мұқият зерттегенін айтты.

Азаматтық инфрақұрылымдарға арнайы туралап соққылар берілген. Мұның бәрін тек адамзатқа қарсы жасалған қылмыс деп бағалауға болады, – деді ол.

Ресей әскерлері «азаматтық тұрғындарға жүйелі түрде кең ауқымды шабуыл» жасап келеді, «сұмдық кісі өлтірулерге, әйелдерді зорлауға, тұрғындарды депортациялауға, соның ішінде кішкентай балаларды мақсатты түрде алып кетуге және адамдарды өз беттерінше өлім жасазасына тартуға» барып жүр. БҰҰ-ның баяндамасында ресейлік сарбаздың 4 жасар қызды зорлағаны айтылады.

Харрис бұдан әрі: «Қане, барлық құрбандықтардың, есімдері белгілі және белгілі емес кісілердің аттарынан әділдікті қалпына келтіруге бәріміз келісіп алайық», – деді.

Ол өз сөзінде Ресейге сұмдық айып болып тағылатын ең белгілі оқиғаларды тізбектеп айтып өтті.

Біздің бәріміз Мариупольдегі жүздеген адам өлтірілген театрдағы көріністерді көрдік. Перзентхана атқылаудың астына алынғаннан кейін өлтірілген, енді өмірге нәресте келтіргелі тұрған аяғы ауыр ананы көз алдарыңызға елестетіп көріңіздер. Бучадағы адамдарды салқынқандылықпен қаптап өлтіру деректерін еске алыңыздар. Олардың денелері көшеде шашылып жатты. Әлгіндегі БҰҰ баяндамасында айтылған оқиғаға үңіліңіздер, – деді Харрис.

Бұдан басқа, Ресей жүздеген мың адамды (араларында балалар да көп) Украинадан Ресейге зорлап көшіріп әкеткен. Осы аптада Ресейде Украина территориясынан заңсыз шығарылып әкетілген балаларға арналған 43 лагерьдің жұмыс істеп тұрғаны белгілі болды. Оларды британдық сарапшылар анықтады.

Бұл қылмыстардың бәрі – жалпы адамзаттық құндылықтарға қолсұғушылық, – деді вице-президент.

Ресейдің Украинадағы соғыс қылмыстарын АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де айыптады.

Заңға мұқият талдау жасау және қолда бар фактілердің негізінде ресейлік әскери қызметкерлер мен ресейлік басқа да лауазым иелерінің Украинада адамдыққа қарсы қылмыс жасағандары бұлтартпас дәлелдермен анықталды. Бұл қылмыстар жазасыз қала алмайды. Барлық кінәлілер қылмыстық жауапқа тартылуға тиіс, – деді ол.

АҚШ билігі бұған дейін Ресейді Украинада соғыс геноцидін жасады деп айыптаған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама