Елорда балабақшаларындағы педагогтердің 24,5%-ында арнайы білім жоқ – басқарма басшысы
Мұнда мектепке дейінгі ұйымдарда 5 800 педагог жұмыс істейді
Астана балабақшаларындағы педагогтердің 24,5 пайызында бейіндік білім жоқ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлім етті.
Бүгінде 1 мен 6 жас аралығындағы 58 129 баланы тәрбиелеп отырған 433 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істеп тұр. Оның желісін кеңейту үшін қала әкімдігі 185 балабақшаға арналған жер учаскесін белгіледі. 2029 жылға дейінгі жоспар бойынша балабақшадағы орындарды ұлғайту үшін жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдарға 38 740 орынға мемлекеттік тапсырыс жарияланады. Сонымен қатар, тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша балабақшалар желісі ашылады, - деді ол.
Сондай-ақ ол істеп жүрген қызметіне бейіндік білімі сай емес педагогтердің санын қысқарту бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Мектепке дейінгі ұйымдарда 5 800 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде 24,5 пайыз тәрбиешінің бейіндік білімі жоқ. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6,5 пайыз төмендеді. Аталған мәселені шешу үшін педагогтер біліктілік арттыру курсынан өтіп жатыр», - деді Қасымхан Сенғазыев.