×

Одессада украин тіліне қатысты дау шықты (ВИДЕО)

Кафе иесінің айтуынша, бұл жер – өзінің жеке меншігі, демек, мұнда мемлекеттік тілде қызмет етудің қажеті жоқ

 Дастан Жұмабекұлы 20.02.2023 | 14:55
фото: rbc.ua

Украинаның Одесса қаласындағы кафеде келушілерге украин тілінде қызмет көрсетуден бас тартылғаннан кейін жанжал туды. Бұл туралы «Стопкор» хабарлады.

Одессадағы тамақтандыру орындарының бірінде келуші әйелге украин тілінде қызмет көрсетуден бас тартылды. Қоғамдық тамақтандыру орнының қожайыны клиентпен тіл жөніндегі жанжалға өзі келіп килікті.

Ашуланған келуші содан бастап барлық әңгіме мен сюжетті видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желіге салды. Онда «Cafe de Fleur» кафесінің иесі өзі залға арнайы келіп, клиент әйелге мекемесінен қуып шығатынын айтады. Ол өзінің украинша сөйлеуден бас тартуын бұл тілді нашар білетінімен түсіндіреді. Оның айтуынша, бұл жер – өзінің жеке меншігі, демек, мұнда украин тілінде қызмет етудің қажеті жоқ.

Мен сізге қызмет көрсетуден де бас тарта аламын. Мен – кафенің қожайынымын, – деді меншік иесі украин тілінде сөйлеуді өтінген әйелге.

Бұл ретте ол өзінің мектепте орысша оқығанын алға тартты. Айтқандай, кадрдан кафедегі ас мәзірінің де орыс тілінде жазылғаны көрініп тұр.

Осыдан кейін дәмхананың иесі мен қызметшілері әйелге бұл жерден кетуді ұсынды. Себебі енді оны жабатын уақыт болып қалыпты-мыс. Бірақ табанды клиент бірден кете қоймады. Ол сол жерде тұрып, полиция шақыртты. Ал олар келгеннен кейін шағым жазып берді.

Кейін бұл оқиғаға Одесса облысындағы тіл жөніндегі омбудсмен Ярослава Витко-Присяжнюк баға берді. Ол Украинаның «Мемлекеттік тіл ретіндегі украин тілінің қолданысын қамтамасыз ету туралы» Заңының 30-бабында елде қызмет ету түрлерінің мемлекеттік тілде жүргізілетіні айтылғанын атап өтті.

Мұны бұзушыларға әкімгершілік жаза қолданылады. Ал мемлекеттік тілде қызмет етуді өтінген клиентті мекемеден қуып шығу – заңнаманы жай ғана бұза салудан да асқан тәртіп бұзушылық. Мен кафенің иесі қоғамның бұған қатысты реакциясын толық сезінді ғой деп ойлаймын, – деді ол.

Оның айтуынша, Мемлекеттік тілді қорғау жөніндегі уәкілдіктің хатшылығы бұл инцидентті жайдан-жай қалдыра алмайды.

Біз қазірдің өзінде тікелей тәртіп бұзушы жөнінде тиісті шараларды қабылдап жатырмыз. Оның нәтижесін таяу арада хабарлаймыз, – деп сендірді омбудсмен.

Тағы бір айтатын нәрсе, осы кафеде 10 ақпан күні 5 адамның уланып қалғаны белгілі болды. Кейінірек оның тұрып қалған балық пен жұмыртқадан болғаны анықталды.

Омбудсмен мемлекеттік тілді аяқасты еткен «Cafe de Fleur» кафесінің лицензиясы алынып, өзі жабылып қалуы да мүмкін екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама