×

Иранда жанкүйерлер «Зенит» – «Сепахан» матчы кезінде Украинаға қолдау көрсетті

«Сепахан» клубының футболшылары да қонақтарға жылы шырай таныта қоймады

 Дастан Жұмабекұлы 20.02.2023 | 13:48
фото: focus.ua

Иранда Санкт-Петербордың «Зенит» футбол командасының ойыны кезінде жергілікті жанкүйерлер Украинаны қолдайтын перфоманс ұйымдастырды. Бұл туралы Twitter-дегі Iran International English парақшасында хабарланды.

Иран жанкүйерлері өз командалары Санкт-Петербордың «Зенит» клубымен өткізген жолдастық кездесуде Украинаны қолдайтындарын көрсетті, – делінген хабарламада.

Бұл күні Нева жағалауынан келген клуб Тегеранның «Сепахан» командасымен күш сынасты. Қазір екі команда да өз чемпионаттарында көш бастап келеді.

Жалпы, Ресейдің Украинаға ашқан басқыншылық соғысына байланысты оқшаулауға түсіп қалған ресейлік футбол клубтары енді жалғасқалы тұрған чемпионаттарына дайындық шеңберінде әртүрлі «экзотикалық» жерлер тауып алуға мәжбүр болып жүр. Олармен көптеген ел командаларының байланысқылары келмейтіні белгілі.

Ресей Федерациясының қазіргі әрекеттеріне наразылар парсы елінде де аз емес екен. Иран футбол фанаттары өз елдері Үкіметінің Мәскеумен достық қарым-қатынасты үзбей жалғастырып келе жатқанына қарамастан, Украинаны қолдайтындарын матч басталғаннан анық байқатты. Олар ойын кезінде трибуналарға Украина жалауларын жайып ұстап тұрды. Бұған қоса, өз елін басқыншы жаудан қорғап жатқан украиндарды қолдайтын ұрандар айтты.

Матч барысында «Сепахан» командасының футболшылары да қонақтарға жылы шырай таныта қоймады. Олар әр таймда петербургтіктер қақпасына бір доптан салып, қорытындыда 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Тағы бір айта кететін жайт, «Зенит» құрамындағы қазақстандық футболшы Нұралы Әліп алаңға кездесудің екінші таймында шықты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама