×

Еуропа Парламенті Ресей спортшыларының жарыстарға қатысуларына қарсы шықты

Құжатты 444 депутат қолдап дауыс берді

 Дастан Жұмабекұлы 20.02.2023 | 13:13
фото: ашық дереккөз

Еуропа Парламенті ресейліктерді 2024 жылғы Олимпиялық ойындарға жіберу ресми позицияға сай келмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы dw.com хабарлады.

Еуропарламент ресейліктер мен белорустарды бейтарап жалау астында жарыстарға қатысуға рұқсат ету РФ мен Беларусьті көпқырлы оқшаулау жөніндегі шешімге қайшы келеді деп шешті, – делінген хабарламада.

Еуропарламент депутаттары Халықаралық Олимпиялық комитеттің ресейліктер мен белорустарға 2024 жылғы жазғы Олимпиадаға бейтарап жалау астында қатысуға рұқсат беру жөніндегі ұсынысына Еуропа одағы заң шығарушы органының жауабы ретіндегі ресми позициясын бекітіп берді. Парламентарийлер ХОК-тың бұл идеясының өзін қатты айыптап, мұның Ресей мен Беларусьті көпқырлы оқшаулау принципіне орасан зор нұқсан келтіретінін мәлімдеді.

Мұның бәрі Еуропа Парламенті қабылдаған қарарда атап көрсетілген. Құжатты 444 депутат қолдап дауыс берді, 26-сы қарсы болды, тағы 37 адам қалыс қалды.

Парламентарийлер Еуроодаққа мүше елдердің және басқа мемлекеттердің үкіметтерін ХОК-ке қысым жасап, түпкі қорытындыда оның РФ мен БР өкілдерінің Олимпиадаға қатысуларына тыйым салуына ықпал етуге шақырды.

Париждегі Ойындарға ресейлік және белорус спортшыларының жіберілу ықтималдылығы күллі спорт әлемі үшін масқара, – делінген құжатта.

Бұған дейін Польша Спорт министрлігі Парижге Ресей және Беларусь спортшылары баратын болса, 2024 жылғы Олимпиадаға бойкот жариялауға дайын екендерін мәлімдеген еді. Мұндай қадам ХОК-пен келісім табыссыз аяқталған жағдайда іске асырылады.

Бұдан басқа, Ұлыбритания Польшаның мәлімдемесіне түсіндірме бере келіп, әлемнің жетекші елдерінің бұл мәселе жөніндегі позициясына ХОК-тың құлақ аспауы мүмкін емес екенін алға тартты. Әйтпесе, мұның соңы ойындарға жаппай бойкот жариялауға ұласып кетуі ықтимал.

ХОК басшысы Томас Бах ресейліктер мен белорустарды Олимпиадаға жіберу позициясын қорғауды жалғастырып отыр. Ол мұны комитеттің «адамдарды біріктіру мен адам құқығын қорғауға» ұмтылып отырғанымен байланыстырады. Бірақ ол сол «адам құқығын» Украинада Ресей басқыншылары мен оның одақтасы Беларусьтің аяққа таптап жатқанын түсіндірген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама