Halyq Uni логотип
×

«Кеңес Одағының құрылыс нормаларын қолданып жүрміз»: Эколог Лаура Мәліковамен сұқбат

Қысқы орташа температура 4 градусқа жылыған

 Ербол Тұрымбет 20.02.2023 | 13:28
«Кеңес Одағының құрылыс нормаларын қолданып жүрміз»: Эколог Лаура Мәліковамен сұқбат
Коллаж: Halyq Uni

Елімізде ескірген құрылыс нормалары қолданылады. Қысқы температура орташа көрсеткішпен 4 градусқа жылынса да ауа райының құбылуы тез жүріп жатыр. Алайда еліміздегі құрылыс нормаларында ол жағы ескерілмеген, КСРО кезіндегі климаттық белдеу әдісін әлі қолданып келеді. Ал құрылыс салуда жобалаушылар үшін сападан бұрын тығыз уақытта үлгеріп есептеп беру маңызды болып тұрады. Құрылыстан кінәрат шықса, компанияның төлейтіні бар-жоғы 200 АЕК қана. Эколог Лаура Мәлікова осындай түйткілді мәселелерді талайдан көтеріп жүр. Біз сол мәселелердің жай-жапсарын толығырақ сұрап білдік. 

– Литосфера қабаттарының жылжуы бізге қалай әсер етіп жатыр?

– Геология, сейсмиканы оқитын мамандардың зерттеуінің нәтижесінде литосфера қабаттарының жыл сайын бернеше сантиметрге жылжып отыратыны анықталған. Ол бізге күнделікті тіршілікте байқалмайды.

Әлемде литосфера плиталарының тоғысқан жерлері бар. Мысалы, Түркияда болған жағдай сол екі литосфера қабатының тоғысқан жері, яғни бір бірінің үстіне шығып кеткен. Содан осындай жер сілкінісі болды. Бұл процесс мұхиттарда да болып тұрады. Цунамилер содан пайда болады. Сейсмикалық жағдай таулы аймақтарда жиі кездеседі. Жалпы, таудың өзі екі литосфераның бір бірінің үстіне шығуынан пайда болады. Біздің Алматыдағы таулардың да сондай табиғи құбылыспен жыл сайын биіктеп жатқанын ғалымдар айтып отыр.

Бізде сол өңірлерде құрылыс сейсмикалық қауіпті ескеріле отырып салыну керек. Конституциямызда құқықтық мемлекет деп жазылған. Ал енді қабылданған заңдарымызға, құжаттарымызға қарайтын болсақ, Кеңес одағы кезіндегі құрылыс жоспарлары әлі қолданылып жатыр.

Мысалы, Жапония құрылыс салғанда бірден сейсмикаға төтеп бере алатындай етіп салады. Себебі олар әу бастан құрылыс нормаларында қарастырып қойған. Олардың құрылыс қаңқасы да басқаша. Біздегідей жерге қазық қағып, арматурамен тоқып жатпайды.

Ғимараттың астыңғы жағында шар секілді конструкция болады. Сол ғимараттың құлап кетпей, теңселіп тұруына ықпал етеді. Сондықтан оларда үйдің теңселіп тұруы үйреншікті жағдайға айналып кеткен.

– Біздегі құрылыс нормаларында энергияны үнемдеу жағы қаншалықты ескеріледі?

– Құрылыс нормаларын тек сейсмикалық жағынан ғана емес, энергияны үнемдеу жағынан да қайта қарастыру керек. 1990 жылдары Тәуелсіздік алған кезде сол Кеңес одағынан қалған құрылыс нормаларының «шапкасын» ауыстырып, Қазақстан заңнамасы деп қоя салды. Мазмұны содан бері әлі жалғасып келе жатыр. Сондықтан алдымен мазмұнын өзгертіп, сейсмикалық жағынан толықтыру енгізу керек. Инженерлік, конструкциялық құрылымы басқаша болу керек, әсіресе, Алматы өңірі үшін.

Энергия үнемдеу жағына келсек, бізде Кеңес одағы кезінде климаттық аймақтарды солтүстік, оңтүстік, орталық деп үшке бөлді. Құрылыс саласында әлі де сол әдіспен келе жатырмыз. Соған байланысты қабырғаның қалыңдығы, қолданылатын құрылыс материалдары соған байланысты анықталады. Мысалы, қыста не ерте көктемде Алматыға барсаңыз, ғимараттары суық болады, Астанадан барған адамға бірден сезіледі. Себебі қабырғасының қалыңдығы Астанамен салыстырғанда әлдеқайда жұқа.

Қазгидрометтің ресми деректеріне сәйкес, қысқы уақытта жалпы орташа температура 4 градус өскен. Яғни, климат жылып жатыр деген сөз. Ташкенттегі жағдайға бәріміз куәміз. Оларда мұнша аномалды суық болмаған. Бірақ осы жылы қыс суық болып кетті. Яғни, температура құбылып тұрады. Бұрынғыдай қай айда қанша градус болатынын болжап отыру қиын. Қырғызстанда да сол тектес жағдай болып, ЖЭО-ларында су қатып қалып, жұрт жылусыз отырды.

Астана Венецияға айналып кететін кездер бар. Қарап отырсақ, бір күнде жаңбырдың айлық нормасы жауған болып шығады. Ал қаладағы суағарлар жүйесі бір күндік нормаға арналған.

Осындай жағдай бізде де енді жиілей береді. Себебі климаттың өзгеруі үлкен қарқынмен жүріп жатыр. Ол тек Антрактида мен Арктикада болып жатқан жағдай емес, ол бүкіл әлемдегі көрініс. Сондықтан құрылыс талаптарында бұл мәселені қайта қарау керек.

Алда құрылыс кодексі қабылданады деп жатыр. Онда тек құрылысшылардың өздеріне керек заңын қабылдап отыра беруге болмайды. Оған экологтар, климатологтар, энергетиканы үнемдеу саласының мамандары түгел қатысу керек. Мысалы, Жапония, Скандинавия елдері энергияны үнемдеу жөнінен алда тұр. Мысалы, үй соққан кезде энергияны төбесін жабатын шатырына дейін энергия тиімділігіне лайықтап қарастырады.

– Құрылыс жобалаушылардың біліктілігі тым төмен бе?

– Алматыда Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы болды. Қазір жекеменшікке өтіп кетті. Бұрын одақ кезінде маман дайындаудың орталықтандырылған жүйесі болған еді. Қазір ол да жоқ. Жобалық компанияларға орталықтан келіп тұратын нұсқаулығы да жоқ. Кейбірі тіпті жақында енгізілген өзгерістерді де білмей жатады.

Маман дайындайтын университеттердің көбінде практикамен байланыс орнатпаған. Ескі кітаптармен теориясын оқытады. Қазіргі кітаптардың сапасына да көңіл толмайды. Кімнің аты көбірек шықса, соның кітабын қолданады. Ол адамның еңбегі Қазақстанның сейсмикалық-климаттық жағдайына келмеуі де мүмкін. Сондықтан барында елімізге бейімделген оқулықтар шығару керек. Өйткені бітіріп шығатын түлектердің басым бөлігі қазір қолданылатын бағдарламаларды да білмейді.

Кеше универ бітірген түлектің жобалаушы болып жұмыс істеп кетуі де екіталай. Ол жерде стресс деңгейі де өте жоғары. Себебі сараптама жасаудың мерзімі бар. Соған үлгеру керек, уақыт тығыз. Сол үшін жалақы деңгейін қайта қарастыру керек. Өйткені олардың табысы 200-250 мың теңгеден аспайды. Оның өзі ең жоғарысы. Көбі 150-180 мыңға істеп жүр. Ондай жалақымен кімнен не талап етесіз?! Стресс жоғары болған соң кадр тұрақтамайтыны және бар.

– Құрылысты қабылдап аларда мемлекеттік бақылау бар ма?

– Тұрғын үйлерді мемлекеттік қабылдау кезінде болған. Бірақ бізде құрылыс саласында жемқорлық деңгейі жоғары. Әсіресе, үй салу, жер алу шараларында белшеден батқан. Кезінде лобби жасап, мемлекеттік қабылдап алуды алып тастаған. Соның кесірінен мемлекеттік органдардың құзыры әлсіреп кеткен. Айыппұл салу деген бар. Бірақ ондай компаниялар үшін 200 АЕК деген түк емес.

Құрылыс нормаларында сейсмикалық жағы ғана емес, жерасты суларының жақын орналасуын да ескеру керек. Мысалы, Астанада сондай мәселе бар. Талдыкөлдік айналасында салынған үйлердің жертөлесінде көктем кезінде су шығады. Одан асты шіри береді. Он жылдан соң құлап қалу қаупі туады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама