×

Мюнхен қауіпсіздік конференциясы Ресейді айыптады

Путин жеңіске жетемін деп ойласа, қатты қателеседі, - деді саясаткер

 Дастан Жұмабекұлы 20.02.2023 | 10:50
фото: kommersant.ru

Германияның Мюнхен қаласында өткен қауіпсіздік жөніндегі конференция Ресейдің басқыншылық соғысын айыптады. Бұл туралы DW хабарлады.

Өткен жылдың 24 ақпанында Владимир Путиннің бұйрығымен басталған Украинаға басып кіру соғысы әлі тоқтаусыз жүріп жатыр.

Ресей өзінің кең ауқымды соғысының 361-күнінде көрші елдің басып алған елді мекендеріне бақылау жасауға әрекет етуін жалғастырып келеді. Украинаның Қарулы күштері мен территориялық қорғаныс жасақтары агрессияға тегеурінді қарсылық көрсетіп, дұшпанды адам күші мен техника жағынан орасан зор шығынға ұшыратып жатыр. БҰҰ деректеріне сәйкес, осы соғыс салдарынан Украинаның 16 млн тұрғыны өз үйлерін тастап кеткен.

Мюнхен қауіпсіздік жөніндегі конференциясының басшысы, саясаткер Кристоф Хойстен жиынды жабарда сөйлеген сөзінде Еуропаның бұл «сұмдық соғыспен» келісе алмайтынын және АҚШ-пен күшті трансатлантикалық байланысты қолдайтынын атап өтті. Ол өз сөзінде АҚШ-тың вице-президенті Камала Харристің айтқан сөздерін еске салды. «Егер Ресей президенті Владимир Путин уақытын күте тұрып, жеңіске жетемін деп ойласа, онда ол қатты қателеседі», – деді саясаткер.

Уақыт оның жағында емес. Ол уақытты соза түскеннен ұта алмайды, тек оңбай және қайта тұра алмайтындай болып ұтылады, – деді Камала Харрис.

Сондай-ақ конференция басшысы соғысқа кінәлілерді жауапқа тарту керек екенін айтты.

Жасалған қылмыстар жазасыз қалмауға тиіс! – деді ол.

Осыған орай, ол Халықаралық соттың рөлін күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ жиналғандарды Украинаға қарсы агрессиялық қылмыс жөнінде арнайы трибунал құруды тездетуге шақырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама