АҚШ Қытайдың Ресейге қару-жарақ беріп жатқанын анықтады
Соған қарамастан ҚХР әлем жұртшылығы алдында бейбітшілікті жақтаушы мемлекет болып көрінгісі келеді
АҚШ билігі Қытайдың Ресейге астыртын қару-жарақтар мен оқ-дәрілер беріп жатқанын анықтады. Бұл туралы CNN хабарлады.
АҚШ-та Қытай жасырын түрде Ресейге Украинадағы соғыста қолдану үшін қару-жарақтар мен оқ-дәрілер беріп келеді деген ақпарат бар. Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен Қытай Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесуде осы мәселені көтерді.
Біздің алаңдаушылығымыз олар ұшқышсыз ұшақ жеткізіп беруді ойластырып жатыр деген ақпаратқа негізделген. Сондықтан біз оларға мұның біздің қарым-қатынасымызға елеулі залал келтіруі мүмкін екенін ескерттік, – деді Блинкен кездесуден кейін журналистерге.
Бұған дейін, қаңтар айында Джо Байденнің әкімшілігі Қытай компанияларының Ресейге Украинада пайдалануы үшін бронды жилеттер, каскалар және басқа да әскери құрал-жабдықтар сатқандарына алаңдаушылық білдірген болатын. АҚШ бұдан кейін Қытай билігінің бұл мәселеден қаншалықты хабардар екенін бірнеше рет анықтап көрді.
Құрама Штаттар Қытайдың Ресеймен соғыстың бас жағындағы қарым-қатынасының одан бетер тереңдеп келе жатқанына алаңдаулы, – деп мәлімдеді АҚШ вице-президенті Камала Харрис.
Оның айтуынша, Қытайдың Ресейге кез келген көмегі басқыншы елдің өзге елдің жеріндегі елді мекендерді қиратып, жазықсыз бейбіт адамдарды аяусыз өлтіруін жалғастыратын агрессиясын тек ынталандыра түседі және белгілі бір адами ережелерге негізделген тәртіпті бұрынғыдан бетер бұздыра береді.
Мюнхен қауіпсіздік конференциясында Ван И Қытайдың Украина мен Ресей үшін «бейбітшілік жоспарын» ұсынғалы отырғанын, сондай-ақ Еуропаның ұстанып отырған бағытын қолдайтынын хабарлады.
Мен Қытайдың Ресейді қолдап отырғанына көз жеткізу үшін бізге соншалықты бір көп айғақтың, соншалықты бір көп іс-әрекеттердің керегі жоқ деп ойлаймын, – деген тұжырым жасады конференцияда Еурокомиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен.
Бұл ретте Қытай жұртшылықтың көз алдында бейбітшілікті жақтаушы мемлекет болып көрінгісі келеді деп есептейді америкалық шенеуніктер.