×

Есен Елеукен жайдарманшылардың сахнада жалаңаштанғанына қатысты пікір білдірді

Жайдарман – ойын ғана емес, жалпы қазіргі қазақ жастарының да деңгейін білдіретін алаң

 Еркеғали Болатұлы 19.02.2023 | 11:45
фото: pavlodarnews.kz

Әлеуметтік желіде жайдарманда болған жалаңаш жігіттердің әрекетіне қатысты видео тарап кеткен еді. Есен Елеукен өзінің Facebook-тегі парақшасында бұл жағдайдың болғанын растады.

Оның айтуынша, жігіттердің өрескел әрекеті жайдарманның ресми ойынында емес, маусымашарындағы редактура кезінде болған. Сол сәтте ойын ортасынан тоқтатылып, оларға да, қалған командаларға да ескерту жасалыпты.

Биыл Жайдарманның маусымашарына 223 команда келді. Оның бәрін эфирге шығара бермейміз. Сол үшін арнайы 2-3 редактура өтеді. Сол кезде жайдарманшылар өздері дайындап әкелген әзілдерін орындайды, – деп түсіндірді Есен Елеукен.

Сонымен қатар, редактураның әлгіндей жайттар болмас үшін керек екенін, ол кезде залда жайдарманшылардың өздері отыратынын хабарлады. Ал сахнада лыпамен жүрген жігіттердің видеосын жайдарманшылардың бірі түсіріп, желіге салып жіберген көрінеді.

Жайдарман – ойын ғана емес, жалпы қазіргі қазақ жастарының да деңгейін білдіретін алаң. Сол алаңда ала да, құла да кездеседі. Бірақ оның барлығы жұртшылыққа жариялана бермейді, - деді Есен Елеукен.

Осы орайда ол сахна мәдениетін ескермеген командаға қатаң ескерту бергендерін жеткізді. Ондай қылжақ енді қайталанса, олар маусымнан шеттетілуі де мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама