Құжатта Словакияның РФ басып алған жерлерде болған жалған референдумдарды мойындамайтыны айтылған
Еуропа одағының тағы бір мемлекеті – Словакия Ресей режимін террорлық, ал Ресейді террорлыққа дем беруші мемлекет деп жариялады. Бұл туралы Moscow Times News хабарлады.
Словакияның Ұлттық кеңесі осыны қуаттаған қарар қабылдады.
Парламент Ресейдің Украинаға агрессиясын айыптады. Соның ішінде елдің «бейбіт тұрғындарына, азаматтық нысандары мен түйінді энергетикалық инфрақұрылымдарға кең ауқымды шабуыл жасауларын» барып тұрған зұлымдық, адамдықтан безгендік деп бағалады. Қарарда сонымен бірге Ресейдің ядро қолдану жөнінде қоқан-лоққы жасап қоюшылығы тура және жанама сыналып өтеді.
Сондай-ақ депутаттар Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығына қолдау көрсететіндерін білдірді. Құжатта Словакияның Ресей басып алған Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарындағы жалған референдумдарды мойындамайтыны айтылған.
Бұл территориялар Украинаның бір бөлігі болып қалады, – делінген қарарда.
Бұдан басқа, Словакия Парламенті халықаралық қауымдастықтың Ресейдің Украиндағы соғыс қылмыстарын тексеруге арналған арнайы трибунал құру жөніндегі талпыныстарына қолдау көрсетті.
Ұлттық кеңес Ресейдің Словакия территориясында жүргізіп отырған гибридтік соғысын да айыптады.
Бұған дейін тап осы мазмұндас қарарды Латвия, Литва, Эстония, Польша, Чехия және Нидерланд қабылдаған болатын.
Былтыр 23 қарашада Еуропарламент Ресейді «терроризмге демеуші мемлекет» деп тану жөнінде шешім қабылдады. Қарарда Ресейдің Украина халқына қарсы «алдын ала ойластырылған шабуыл мен айуандық» жасап отырғаны атап көрсетілді. Құжатта сондай-ақ «президент Владимир Путин мен оның Үкіметін халықаралық трибунал алдында жауапкершілікке тартуға негіз дайындайтыны» атап көрсетілді.