×

«Бәріміз Астанаға жиналып алсақ, не болады?». Несіпбек Айтұлы өзін сынағандарға жауап берді

Танымал ақын Астана қаласы әкімінің халықпен кездесуінде айтқан мәлімдемесін түсіндірді

 Наима Нұрәлі 17.02.2023 | 15:44

Белгілі ақын Несіпбек Айтұлы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің Байқоңыр ауданы тұрғындарымен кездесуінде «Астана – резеңке емес, келушілерді шектеу керек» деген пікір айтып, көптің сынына қалған болатын. Ақын Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында қала әкіміне айтқан сөзін түсіндіріп, бұл пікірін неге сүйеніп айтқанын жеткізді.

«Осы пікірді айтуыма үй мәселесі бойынша мінберге шығып сөйлеген әйелдер себеп болды. «Алдымызда 4 мың адам үй кезегінде тұр. Кезекте тұрғанымызға 10 жылдан асты. Кезек жылжыған жоқ», деді біреуі. Астана Арқаға үлкен стратегиялық мақсатпен ауыстырылған. Астана дегеніміз – бұрынғы Тың өлкесінің орталығы болған. Қазір көршілеріміз сол 6 облысқа көз алартып отыр ғой. Осы жақты қайтадан қазақыландыру керек. Кезінде бұл жақта Ахаңның тұсындағы Науан Хазірет, Марал ишан дегендер өмір сүрген. Шоқындыру басталған. 1932 жылғы қырғын, ашаршылық, қым-қуыт соғыс, көтеріліс болған. Арқаның қазақтары тілінен, дәстүрінен, бәрінен айырылып қалды. Айырылмасақ та, айырылуға жақын қалды. Міне, осындай қасіретті, ауыр жылдарды бастан кешірген ел – Арқаның халқы. Кеткен есені қайтару үшін, қайта іргемізді бекіту үшін бұрынғы президентіміз астананы Арқаға көшірді. Бірақ осындай қамқорлықпен басталған үлкен жоспар жемқорлықпен аяқталды. Көп нәрсе аяқсыз қалды», –  деді Несіпбек Айтұлы.

Астананы ешкімнен қызғанбайтынын айтқан Несіпбек Айтұлы елордаға есепсіз ағылған халықтың болашағына алаңдап, осы мәселені қала басшысына жеткізбек болыпты.

«Астананы салған кезде билік басындағылар, ғалымдар, халық та су қоры өте аз екенін айтты. Астананы сумен жабдықтау жалғыз Вячеслав су қоймасынан жүзеге асады. Ол шамамен 300-400 мың адамға есептелген болуы керек, нақтысын білмеймін. Бүгінде қалада 1 млн 350 мың адам тұрып жатыр. Ал енді біздегі барлық облыс орталықтарын алып қарайық, Алматы Алатаудың бауырында орналасқан. Қарағанды халқы Ертіс каналы арқылы су ішіп отыр. Қызылорда, Шымкент қалалары өзен жағасында тұр. Ақтөбе Електің бойында орналасқан. Семей, Павлодар – дарияның бойында. Ал Астананың жағдайы не болады?

Ауылдағылар Астанаға «әйтеуір келу керек» деп ағылып жатыр. Бірақ баспана мәселесі шешіліп жатқан жоқ қой. Мемлекеттік бағдарламамен 1000 үй берілер, жылына бас қалаға 40 мың адам келеді екен. Мұны осыдан 4-5 жыл бұрын әкімнің жылдық есеп беруінде естігенмін. Жылына 40-50 мың адам келетін болса, біраз жылдан кейін не болады? Басқа халықты айтпағанда, өзі 8-10 миллион қазақпыз. Бәріміз Астанаға жиналып алсақ, не болады? Қалада керемет үйлер салынып жатыр, оның бәрі қолжетімді емес. Көбі – байлардың бизнесі. Халыққа қолжетімді үй салынуы керек. Сол жерде әкімге құлаққағыс болсын деп айттым. Ал жұрт мені ағаш атқа мінгізіп жіберді, жаман да мен, қызғанған да мен, ит те мен, шошқа да мен болып шықтым», –  деп түсіндірді Несіпбек Айтұлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама