Halyq Uni логотип
×

Бір бапта 82 абзац, бір сөйлемде 32 сөз: Заңдар түсінікті тілге қалай «аударылып» жатыр

Құқықтанушы Ольга Бектібаевамен сұхбат

 Ербол Тұрымбет 17.02.2023 | 13:59
Бір бапта 82 абзац, бір сөйлемде 32 сөз: Заңдар түсінікті тілге қалай «аударылып» жатыр
Коллаж: Halyq Uni

Заң оқуға қолайлы болу үшін сөйлем құрамындағы сөз 25-тен аспау керек. Оны өлшейтін арнайы әдістемесі бар. Орта білімі бар адамға дұрыс түсіну үшін сөйлемнің орташа ұзындығы 13 сөзден аспайтын мәтіндер қолайлы болып есептеледі. Әйтпесе оны қабылдау өте қиынға соғады. Ал «Зейнетақымен қамсыздандыру» туралы заңымызда сөйлемнің орташа ұзындығы 32 сөзден тұрады. Яғни, заң мәтініндегі сөйлемдер сөздің көптігінен тым күрделі болып кеткен. Оны дұрыс түсіну үшін оқырманның ғылыми дәрежесі болу керек. М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінде «Readability of Legal Acts» («Құқықтық актілердің оқылуы») пилоттық жобасы аясында аталған заң түсінуге оңай болу үшін қайта жазылып жатыр. Заңды түсінікті тілге «аудару» қалай жүріп жатыр және басқа қандай заңдарға осындай «аударма» жасалу керек екенін жоба жетекшісі, Жоғары құқық мектебінің деканы Ольга Бектібаевадан сұрап білдік.

– Заңның сөйлем құрылысынан басқа тағы қандай кемшілігі бар?

Заң жалпы алғанда, түсінуге өте қиын тілмен жазылған. Күрделі терминологияны жөнсіз қолдану, тәптіштеу көп. Бір баптың өзінде 82 абзац бар. Тағы бірінде 68, енді бірінде 55. Мұндағы айтқым келіп отырғаны арасындағы кей ерекше тұстарын көрсету емес, жалпы заң заңгердің өзіне түсіну қиын тиетіндей тәртіппен құрылған. Онда («Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңында – ред.) 74 бап бар. Оның бесеуі алынып тасталып, 69-ы қалды. Енді сол 69 баптың 39-ы, яғни жартысынан астамы оннан аса абзацтан тұрады. Бұл дегеніңіз айтарлықтай үлкен мәтін. Қарапайым адам үшін оның аражігін ажыратып түсіну мүмкін емес.

Заңның құрылымы да нашар. Бір нәрсені реттейтін нормалары мен ережелері мәтіннің өне бойында шашырап жатыр. Сұрақ көп. Әрине, мәтін заң тұрғысынан барынша нақты болу керек. Бірақ тавтология мен тоқтамай тәптіштей берудің өзі кейде құқықтық анықтылыққа біраз зиян келтіреді.

– Қайта жазып шығу қанша уақыт алады? Оған ақы төлене ме, әлде жеке бастама ма?

Заңды қайта жасауға, оны әлдеқайда түсінікті тілге «аударып» шығуға қажырлы еңбек керек. Ол жұмыс дұрыс, ғылыми негізделген әдістемеден басталады. Өйткені, түсінікті не түсініксіз дей салу біршама субъективті пікір. Ал біз үшін нәтиже, нақты критерийлер маңызды. Сол арқылы заң мәтінінің қарапайым азамат оқи алатындай түсінікті болғанын анықтай аламыз. Бұл жерде әр адамның оқу үлгерімі мен мәтінді түсіну қабілеті арасында байланыс орнату керек. Мысалы, ондай қасиеттері ретінде жасы мен білім деңгейін алуға болады.

Бізде, Қазақстанда тек орта білім ғана міндетті саналады. Қалған дәрежелерді адам қажетіне, қаржылық мүмкіндігіне қарай өз қалауымен игереді. Соған байланысты заңды жасағанда да оны тек дипломы бар заңгерлер немесе ғылыми қызметкерлер ғана оқиды деп отыра бермейміз. Кез келген елде заң азаматтар үшін жазылады. Ал Қазақстан азаматтарының бәрінде орта білім болатыны ғана кепілдендірілген. Соған сай заңдарды да орта мектепті бітірген адам түсіне алатындай, қосымша білім игеруді талап етпейтіндей етіп жазу керек. Жобамыздың аясында біз осы үдеден шығуды көздейміз. Яғни, әрбір бапты орта мектеп түлегі түсінетіндей, бірақ бүкіл мағынасы жойылмайтындай етіп қайта жасап жатырмыз.

Мерзімі туралы айтар болсақ, әдістемесін құрастыру мен қалыпқа келтіру көп уақыт алып жатыр. Осындай құралдары дайын тұрғанда көлемі 75-100 бап аралығындағы заң мәтінін қайта жасауға шамамен бір ай уақыт кетеді.

Біздің жобамыз М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің әлеуметтік миссиясы аясындағы жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан толығымен жеке бастама, осыны ерекше атап өткім келеді. Біздің ұстанымымыз – елдегі заң халықтың игілігі, ол дипломы бар заңгерлердің жоғары табы үшін емес, халық үшін ғана жасалған. Түсініксіз заңдар шындап келгенде, реттелмейтін заңды монополия. Олай болмау керек. Осы жобаға мемлекет тарапынан ешбір қаржыландырусыз кірістік. Өйткені жағдайды жақсарта аларымызға сенеміз. Бастамамызға қызығушылық танытып, алда қолғабыс білдіргісі келіп отырған Әділет министрлігіне де үлкен алғысымызды білдіреміз.

– Тағы қандай заңдардың тілі ауыр, қайта жазып шығу керек деп ойлайсыз?

Бүгінде қарапайым азамат көзқарасы тұрғысынан бүкіл заңымызды оқу қиын. Әлбетте, барлығы бірдей оған керек емес екені бөлек әңгіме. Заң актілерінің басым бөлігі заңгерлер мен жекелеген кәсіби қоғамдастықтарға бағытталған (банктер мен банк қызметі туралы заң, экспорттық бақылау туралы заң, тағы басқалары). Олардың ішінде де жеке тұлғаларға қатысты нормалар болуы мүмкін. Әрі құқықтық тәртіптің сапасын арттыру үшін оларды да жетілдіру керек екені сөзсіз.

Алайда біздің ойымызша, алдымен қарапайым азаматтардың мәселесіне тікелей қатысы бар және олар күнделікті тіршілікте қолданып отыратын әлеуметтік маңызы бар заңдарды қайта жасау керек. Мысалы, біз жобамызда ендігі кезекте тұрғын үй қатынастары туралы заң тұр. Және сол сияқты басқа да заңдарды қайта жазу керек.

– Заңдардың қазақша мәтінін дайындауда тікелей аударма қолданылып жүр. Сондықтан мағынасы түсініксіз шығады. Ол мәселені қалай шешуге болады?

Алдымен айтарым, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір күні ұлттық дамуымыз барысында заңдар қазақ тілінде жазылатын жағдайға келеміз. Содан кейін мемлекеттік тілді жеткілікті меңгермеген азаматтарымыз үшін орыс тіліне аударыла жатар. Қазіргі жағдайда бұл мүлде мүмкін емес. Өйткені, қазақ тілінде әлі күнге бірыңғай заң терминологиясы қалыптаспаған. Біздің құқық жүйеміз көбіне кеңестік және ресейлік құқық доктринасына негізделетіні өтірік емес. Қолданыстағы барлық құқық түсініктері мен институттар лингвистикалық контексте алдымен орыс тілінде пайда болды. Қазақ тілінде бұл түсініктер оның алдында болмаған. Сондықтан біз оны аударып жүрміз. Оның үстіне, әр кез әр түрлі аударамыз. Осы күндері заңнамаларымызда көптеген заң термині мен түсінігі бірнеше нұсқада жүр. Бұл құқықтық түсінбеушілікке әкеледі. Кейде тіпті қазақ тіліндегі заң мағынасын мүлде өзгертіп жібереді. Сондықтан менің ойымша, бастапқы кезеңде бізге заңнамалық қазақ тілін толығымен қайта жасау керек. Айтпақшы, бұл біздің университетіміздің бөлек жобасы. Онда менің қазақтілді әріптестерім – құқықтанушылар қазақ заң тілінің әмбебап сөздігін жасаумен айналысып жатыр. Ол мемлекеттік тілдегі дәл және оқи алатындай заңдарды құрастыруға негіз болады деген үміттемін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама