×

Сенатор қай өңірлерден халық жүйелі түрде көшіп жатқанын айтты

Депутат оның себебін инфрақұрылымның тозуы, өңірлердегі жұмыс орындарының болмауымен байланыстырды

 Дәурен Ерболат 17.02.2023 | 12:40
көрнекі фото: matritca.kz

Сенат депутаты Серік Шайдаров ел тұрғындары қай өңірлерден жаппай көшіп жатқанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сенатордың пікірінше, шенеуніктер инфрақұрылымның тозуы, өңірлердегі жұмыс орындарының жетіспеушілігі көші-қон процесіне тікелей әсері болатынын түсінуі керек.

«Мәселен 2010-2020 жылдар аралығында көші-қон ағыны есебінен халықтың өсуі Ақтөбе облысында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында байқалды, бүгінде бұл өңірлерде ел халқының 36%-ы тұрады. Сонымен қатар халық Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарынан жүйелі түрде кетіп жатыр.

Мұның бәрі, сайып келгенде, өңірлер арасындағы елеулі әлеуметтік және экономикалық теңгерімсіздіктерге ғана емес, сондай-ақ елді мекендердің, әсіресе шекара маңы облыстарының әлсіз қоныстануына байланысты ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлердің туындауына алып келеді», - деді Серік Шайдаров Сенатта өтіп жатқан парламенттік тыңдауда.

Сондықтан депутат өңірлерде жұмыс орындарын ашу және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жақын арада орталық және жергілікті билік үшін басым міндет болуға тиіс екенін жеткізді.

«Ең алдымен бұл жұмыс өңірлік стандарттар жүйесіне байланысты және қала және ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік және инженерлік-техникалық инфрақұрылым объектілері мен қызметтерінің қолжетімділігінің ең төмен міндетті деңгейін қамтамасыз етуге бағытталып жүргізілуі керек.

2019 жылдан бастап қолданыстағы өңірлік стандарттар жүйесі қайта қарауды талап етеді деп есептейміз. Өйткені ауылдық елді мекендер үшін бекітілген объектілер мен қызметтер тізбесі ветеринариялық пункт, мал қорымдары қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары сияқты маңызды орындарды көздемейді», - деп сөзін түйіндеді Серік Шайдаров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама