Орталық пен өңірлер арасында тығыз байланыс орнамаған
Үкімет көбінесе мемлекет басшысының сынынан немесе қоғамдық резонанстан кейін ғана өңірдегі мәселелерге назар аударады. Бұл туралы Сенат депутаты Серік Шайдаров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айутынша, елдің экономикалық дамуы тұтастай алғанда өңірлердің бәсекеге қабілеттілігіне байланысты.
Өңірдің бәсекеге қабілеттілігі оның әлеуетін пайдалану дәрежесі мен тиімділігімен анықталады. Өкінішке қарай, жергілікті атқарушы органдар қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдаланбайды.
Ал орталық мемлекеттік органдар өңірлермен тығыз өзара іс-қимылды бағдарға алмайды, - деді депутат Сенатта өтіп жатқан парламенттік тыңдауда.
Серік Шайдаровтың пікірінше, «орталық» пен өңірлер арасында тиісті байланыстың жоқтығының дәлелі фактіден кейінгі немесе «ушыққан жағдайды реттеу» тәртібінде көптеген мәселені шешудің қалыптасқан тәжірибесі болып саналады.
Үкімет көбінесе Мемлекет басшысының сынынан немесе қоғамдық резонанстан кейін ғана өңірдегі мәселелерге назар аударады. Басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді теңгерімді бөлу жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Жергілікті атқарушы органдар жергілікті жерлерде проблемаларды шешу үшін жеткілікті өкілеттіктерге ие болуға тиіс. Ал өңіраралық мәселелер орталық деңгейде шешілуі керек, - деді сенатор.
Ол проблемалардың ауқымдылығы мен тереңдігі өңірлердің одан әрі тиімді дамуын қамтамасыз етуге қауіп төндіретінін түсіну қажеттігін де атап өтті.
«Сондықтан өңірлік саясатты жетілдіру бойынша жедел және ұтымды шаралар қабылдау маңызды. Біздің түпкі мақсатымыз – бәсекеге қабілетті экономикасы және халықтың өмір сүру сапасы жоғары мықты өңірлердің елдің үдемелі дамуында басты қозғаушы күшке айналуы», - деп түйіндеді сөзін Серік Шайдаров.