Егер әлдекім біздің жанжалымыз емес, бір шетте тып-тыныш отыра береміз деп ойласа, бұл біздің ақылымызға сыймайды, - деді ол
Беларусь президенті Александр Лукашенко өз елі әскерлерінің Ресей армиясымен бірге Украинамен соғысуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы «Белсат» хабарлады.
Александр Лукашенко Беларусьтің Ресей әскерлерімен бірге Украинадағы соғысқа қатысуға дайын екенін айтты. «Бұл жағдай менің адамдарымды өлтіретін болса болады». Саясаткер Минскіде журналистермен кездесуі кезінде осылай деді, – деп жазды «Белсат».
Александр Лукашенко шетелдік және беларусьтік журналистермен кездесуі кезінде өз елі армиясының Украинада соғысып жатқан Ресей армиясына қосылуға дайын екенін баса айтты.
Мен тек бір жағдайда ғана ресейліктермен бірге Беларусь территориясынан соғысқа қатысуға дайынмын: егер ол жақтан құрығанда бір сарбаз Беларусь территориясына келіп, менің адамдарымды өлтіретін болса. Егер олар Беларуське қарсы агрессия жасаса, қайтаратын жауабымыз өте қатқыл болады. Соғыс та мүлде басқаша реңк алады, – деді Лукашенко, бұл әңгіменің басқа көршілерге де қатысы бар екенін ескерте отырып.
Сонымен бірге ол Беларусь «қандай жағдайда да Украина территориясына өзінің әскерін кіргізбекші болып отырған жоқ» деп тағы бір рет ескертті. Бір сөзіне бір сөзі үйлесе қоймайтын президент мұнысын сосын «Егер ол жақтан Беларусь территориясына агрессия жасалмаса болды» деп толықтырып жіберді.
Лукашенко сондай-ақ бірлескен топтық сипатта жүргенімен, Ресейдің ешқашан белорус армиясы соғысқа қатыссын деген тілек айтпағанына да тоқталды. Ол Беларусьті дүркін отты жүйемен атқыламақ болған ресми Украинаны тағы кінәлады.
Бұл украиндар тарапынан ойластырылып жасалған әрекет болып шықты. Мен мұның неге керек болғанын түсінбеймін. Оларға алғашқы минуттарда соққы Беларусь территориясынан жасалды. Бұл бірнеше минутқа ғана созылды – арнайы соғыс операциясы басталар алдында жасалды, – деп ақталды сосын.
Беларусь президенті шімірікпестен Ресей лидері Владимир Путиннің шектен шыққан цинизмін қайталап, ресейліктер тарапынан ешқандай басып кірудің болмағанын айтты. Сосын мұнымен шектелмей, жанжалдың арандатушысы ретінде Украинаны атап көрсетті.
Украин билігі бұл операцияға Ресейді өздері арандатып салды. Соғыс болмауы үшін Ресеймен келісімге келуі керек еді. Бірақ барлық тірлік, Минск келісімдерінен бастап, соғыс отын тұтатып жіберуге бағытталды. Ешқандай басқыншылық болған жоқ. Мен мұны онда тұратын орыс адамдарын қорғау Ресейдің мүддесі деп есептеймін, – деді ол.
Лукашенко Украинаны бұл соғысқа айдап салған Батыс екеніне, ал Польшаның мақсаты Украинаны бөліп алу екеніне сенімді.
Сіздер Ресейді айыптайсыздар. О, сіздер Украинаны поляктардың қолымен бөлшектеп тастағыларыңыз келеді! – деп соқты тағы.
Беларусь президенті екі жақты бейбіт келісім жасасуға да шақырды. Бірақ оның айтуынша, мұны Украина да, Батыс та керек етпейді.
Дұрыс. Өйткені бүкіл әлем қазір бұлардың Гаага сотына «аман-есен» жетулеріне тілек қосып отыр, – деп жазды «Белсат».
Осыдан бірер күн бұрын Александр Лукашенко Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімшарт Ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовті Минскіге арнайы шақырып, кездескен кезінде аталмыш одақ мүшелерінің ешқайсысы да Ресей мен Украина соғысынан бейтарап қала алмайтынын айтқан еді.
Егер әлдекім Украина мен Ресейдің жанжалы біздің жанжалымыз емес, бір шетте тып-тыныш отыра береміз деп ойласа, бұл біздің ақылымызға сыймайды. Олай болмайды. Уақыты келгенде біз әркімнен белгілі бір ұстанымды ұстануды талап етеміз. Мен оны ұлттық мүдделерге залал келтіру тұрғысында айтып отырғаным жоқ. Бірақ біздің барлық одақтастық олқылықтарымызға қарамастан, одан әрі бірлесіп қимылдау үшін бәрімізге өзіміздің нақты саясатымызды, өз шебімізді анықтап алуға тура келеді. Бірге болсақ, қашанда оңай әрі жеңіл, – деді Лукашенко ҰҚКҰ бас хатшысымен кездесуі кезінде.
Бұл біржақты монолог көпшілікке ҰҚКҰ-ға мүше елдерді Украинамен соғысқа дайындала беруге табанды түрде шақырғандай болып естілді.