×

Ревакцинация оразаны бұзбайды - Мүфтият

ҚМДБ өкілі қандай жағдайда ораза бұзылмайтынын еске салды

 Айнұр Шошаева 28.03.2022 | 15:47
коллаж: Halyq Uni

Разаман айында коронавирусқа қарсы вакцина алу оразаны бұзбайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров мәлімдеді.  

«Оразаны бұзатын нәрселер туралы жиі сұрақ қойылады. Әдейілеп бір нәрсені жеп-ішу оразаны бұзады... Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар екпе алу, ине қабылдау оразаны бұзады. Себепсіз, қоректік немесе қорексіз қасиеті бар барлық затты біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады. Мұндай жағдайда оразасы бұзылған жандарға кәффарат оразасын ұстау қажет болады. Каффарат оразасы деп үздіксіз екі ай ораза ұстауды айтады. Оған шамасы келмейтін жандар екі ай 60 кедейді тамақтандырып, тойдыру міндеттеледі», - деді ол.

Сондай-ақ наиб мүфти коронавирустан қорғану үшін ревакцинация алу оразаны бұзбайтынын айтты.

«Құрамында қоректік заты жоқ вакцина сияқты емдік қасиеті бар инелерді қабылдауға болады. Ол оразаны бұзбайды. Демек вакцина қабылдау оразаны бұзбайды», - деп толықтырды Ершат Оңғар.

Бұған қоса, ҚМДБ өкілі қандай жағдайда ораза бұзылмайтынын еске салды. Атап айтқанда байқамай ішіп-жеу, құлаққа су кіру, топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауын тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, оразаны бұзбайды. Сондай-ақ қан алдыру немесе сүлік салдыру, көзге немесе құлаққа дәрі тамызу немесе мисуақ, тіс пастасын қолданғанда ораза бұзылмайды. 

Сонымен бірге, пандемияға байланысты тарауық намазы кезінде масканы тағу-тақпау мешітке келуші жамағаттың өз еркіне байланысты. Мешіттегі намазда арақашықтық белгілі бір мөлшерде емес, қалыпты жағдайда өтеді деп жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, 2 сәуірде Қазақстанда Разаман айы басталады. Биыл ораза 30 күнге созылады. 2 мамыр – Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – Қадір түні болып белгіленді. Мүфтият 2022 жылы еліміздегі пітір мөлшерін 500 теңге деп белгіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама