Қазір өңір халқының 6 пайызға жуығы күнкөріс деңгейінен төмен жалақы алады
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров күніне 90 мың теңге табысты қалай табуға болатынын айтты, деп хабарлады pkzsk.info.
Оның айтуынша, қазір облыста дәнекерлеушілер мен металл жонушылар жетіспейді. Сондықтан ол қарамағындағыларға осы мамандықтарды оқытатын қысқа мерзімді курстар ұйымдастырып, жұмыс күші тапшылығы мәселесін биылғы бірінші жартыжылдықта шешуді тапсырған.
Бізде құрылыс саласында тас қалаушылар жетіспейді. Бұл мамандықты екі айдың ішінде игеріп шығуға болады. 1 шаршы метр кірпіш қалау ақысы 18 мың теңге тұрады. Адам 5 шаршы метр жерге қалап, күніне 90 мың теңге табуына болады. Ал бізде адамдар жетіспейді. Бұл жұмысты бірлесіп атқару керек, - деді Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ ол солтүстікқазақстандықтар арасында ақпараттық жұмысты сапалы жүргізуді тапсырған. Айтуынша, облыс тұрғындары қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін біліп, жақсы жалақы алулары қажет.
Қазір өңір халқының 6 пайызға жуығы күнкөріс деңгейінен төмен жалақы алады. Әсіресе ауылдарда жұмыссыздық жоғары деңгейге жеткен. Жұмыссыздардың басым бөлігі Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Есіл және Аққайың аудандарында тіркелген.