«Атыраудың терминалын қайтара алмай отыр»: Сарапшы елдегі әуежайларды тастанды балаға теңеді
Азаматтық авиация мәселесіндегі мемлекеттік саясатты айқындайтын құжат жоқ
Қазақстанның азаматтық авиациясында мемлекеттік саясатты айқындайтын құжат жоқ. Азаматтық авиация комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары, авиация сарапшысы Серік Мұхтыбаев Оралдағы әуежайдың ресейлік компанияға берілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Еске сала кетейік, Оралдағы М.Мәметова атындағы халықаралық әуежайдың ресейлік инвесторға сенімгерлік басқаруға өтетіні белгілі болды.
«Орал әуежайы республикалық меншіктегі нысан емес. Мұнда ұшып-қону жолағы ғана стратегиялық маңызы бар нысан болып саналады. Алайда әуежайдың өзі, яғни ғимараты мен қоймалары, тағы басқа қоймалары жергілікті органға тиесілі объектілер мен «Ақжайық» ӘКК-ға тиесілі», – деді Жамаубаев.
Қазақстанның Азаматтық кодексінің 193-1 бабында стратегиялық нысандарға не жатқызылатыны айқындалған. Оның ішінде халықаралық әуежайлар да бар. Авиация сарапшысы Серік Мұхтыбаевтың пікірінше, заңда стратегиялық объектіні жеке аймақтарға бөлу деген ұғым жоқ. Халықаралық әуежай бұл бір оператор болуы тиіс бірыңғай технологиялық процесс.
«Әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) жарамдылық сертификаты – уәкілетті ұйым не азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген, әуеайлақ пен оның қызметтерінің оларды пайдаланудың барлық нормаларына сәйкестігін куәландыратын құжат. Ал сертификаттық тексеру – уәкілетті ұйым жүзеге асыратын әуеайлақты, оның құрылымдық бөлімшелерін, жабдықтарды, пайдалану рәсімдерін, әуеайлақты күтіп ұстау және пайдалану жөніндегі технологиялық процестерді, ұйымдық құрылымның құжаттамасын, сондай-ақ өтініш беруші мамандарының сертификаттау талаптарына сәйкестігін тексеру. Яғни сертификатты «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС алды және ол әуежайдың қызметіне, соның ішінде жеке тұлғалардың, оның ішінде шетелдіктердің де сенімгерлік басқаруындағы терминалға жауап береді. Ұшу жолағы, авиациялық қауіпсіздік немесе терминал болсын, кез келген сәйкессіздік кезінде сертификат берілмейді», – деді ол.
ТҮРІК ИНВЕСТОРЫ ТЕРМИНАЛДЫ САТПАЙ ОТЫР
Сондай-ақ сарапшы дәл осындай жағдай Атыраудың әуежайында болып отырғанын атап өтті. Түрік инвесторы әуежай мүлкінің жартысы мен терминалын сенімгерлік басқаруға алып, кейбір міндеттемелерін орындамаған.
Қазір Атырау әуежайының екі қожайыны бар: терминалы түрік инвесторына, ал ұшу-қону жолағы мемлекетке тиесілі. Мемлекет терминалды сатып алуға тырысты. Бірнеше мәрте қазақстандық және халықаралық тәуелсіз аудит жүргізіліп, лайықты бағасы белгіленсе де, түріктер сатпай отыр. Сатпайтын себебі түсінікті, олар терминалдың басты нысан екенін біледі, – деп қосты ол.
Оның пікірінше, әуежай терминалдарының шетелдіктерге басқаруға беру заңға қайшы емес. Алайда мемлекеттік мүддені ұмытпау керек.
«Ресейлік инвестордың келуінен қазақстандықтар неге қорқады? Бұл жерде саяси мәселе бар деп ойлаймын. Мысалы, Ақтау, Түркістан мен Алматының әуежайларын түрік инвесторлары басқарып отыр. Ешкім оларды «түріктер алды» деп дүрлігіп жатқан жоқ. Қалыпты бизнес процесстер бар, сондай-ақ саяси жағдайлар бар. Әуежайлар үнемі стратегиялық нысандарға жатқызылып келді. Егер ертең бірдеңе болса қалса, жекеменшіктегі әуежай әуе кемелерін қабылдамай қоюы мүмкін. Сондықтан бұл мемлекеттік, яғни стратегиялық мәселе», – деп толықтырды Серік Мұхтыбаев.
«МЕМЛЕКЕТ ӘУЕЖАЙЛАРДЫ НЕ ІСТЕЙТІНІН БІЛМЕЙДІ»
Бүгінгі күні бізде азаматтық авиация мәселесіндегі мемлекеттік саясатты айқындайтын құжат жоқ. Сарапшы соның салдарынан саланы дамытудың стратегиясы жоқ екенін атап өтті.
«Әркім өз бетінше дамып жатыр. Мәселен, Петропавл әуежайын неше рет сатуға шығарды. Төртінші реттен инвестор келіп, сенімгерлік басқаруға алды. Шымкент әуежайы жаңа терминал салуда, сонымен қатар ескі терминалды сатып жатыр. түсініксіз жағдай. Павлодар да неше жыл қатарынан сата алмай отыр. Бұл мемлекет әуежайлармен не істеу керек екенін білмейді дегенді білдіреді. Теңізге шығатын жолы жоқ Қазақстан сияқты мемлекет үшін авиациядан жылдам әрі жайлы қозғалыс жоқ», – деді ол.
2019 жылы Қазақстандағы 11 әуежайда «ашық аспан» саясаты жарияланған болатын. Алайда спикер ол саясаттың жұмыс істеп жатқанына күмән келтірді.
«Бұл кез келген әуекомпаниясы ұшып келе алады дегенді білдіреді. Алайда ол жұмыс істеп жатқан жоқ. Себебі жағдай жоқ, әуежайлардың өздері бұл құқықты қалай пайдалану керек екенін түсінбейді. Стратегия болмаған соң осындай түсінбеушілік туындайды. Азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу туралы заң бар. Мемлекеттік реттеу дегенді бәрі ұмытты. Азаматтық авиация нарығының барлық ойыншылары мемлекеттің нені қалайтынын түсінуге тиіс. Ал мемлекет стратегия қабылдап, реттеп отыруы керек. Әуежайлар ақшаны әуекомпанияларынан алады. Ал әуекомпаниялары қаласа ұшады, қаламаса ұпайды. Мәселен, жақында «Флай Арыстан» екі айға Қостанайға 49 рейсін тоқтатты деген ақпарат шықты. Мемлекеттік органдар үнсіз отыр», – деді Азаматтық авиация комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары.
Сонымен қатар, ол кез келген өңірді дамыту үшін алдымен әуежайын реттеу керек деген пікірде.
Қазақстандағы кейбір әуежайлар сенімгерлік басқаруға берілді, кейбірі коммуналдық меншікте. Қазір әуежайлар тұтқасы жоқ шабадан сияқты, көтеріп жүруге ауыр, ал тастауға болмайды. Тастанды бала сияқты. Өйткені ешкім оларды не істеу керек екенін білмейді. Әуежай бәрі құтылғысы келетін нысан емес, кез келген облысты дамытатын драйвер болуы керек. Орал әуежайы инвестор мәселесін емес, тұтас саладағы проблеманы ашты. Бәлкім ол жаман инвестор болмайтын шығар, жаңа әуекомпанияларын әкелуі мүмкін. Ал жалпы бұл жағдай елде ешкім саладағы проблемаларды жетік білмейтінін көрсетті, – деп қорытындылады сөзін Серік Мұхтыбаев.