Қайғылы оқиғаның болуына басшылардың да қатысы болуы мүмкін
Бүгінде Отан алдындағы борышын өтеуге келіп жатқан жастар әскерге психологиялық тұрғыда дайын емес. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол ҰҚК Шекара қызметіндегі сарбаздар арасында да суицид дерегі болатынын растады.
Өкінішке қарай, суицид дерегі бар. (Сарбаздар арасында – автор) өзіне қол салу дерегі өсіп жатыр деген статистика бар деп айта алмаймын. Суицид дерегінің өсу фактісі жоқ. Бірақ өлім фактілері бар. Бұл немен байланысты? Ресми түрде оның себебін анықтау керек. Жауапты тұлғалардың жұмысында кемшіліктер бар. Оны жоққа шығарудың керегі жоқ, - деді Ерлан Алдажұманов Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Шекара қызметінің директоры қазір әскерге психологиялық тұрғыдан әлсіз жастар келіп жатқанын да атап өтті.
«Қазір Отан алдындағы борышын өтеуге келіп жатқандар басқаша. Мысалы, олар әскерде қызмет етуге моральдық-психологиялық тұрғыдан дайын емес», - деді ол.