Әділет министрі экс-президенттің отбасы мүшелеріне кімдер енетінін түсіндірді
Әділет министрі Қанат Мусин егер тергеу органдарында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мен оның қызы Дариға Назарбаеваға қатысты мәселе туындаса, оларды ұстауға және қамауға алуға болмайтынын мәлімдеді.
Бұл адамдарды ұстауға және қамауға алуға заңда тыйым салынған, бірақ оларға сұрақ қойып, жауап алуға болады, - деді Әділет министрі.
Осы ретте Әділет министрі жақында ұсталған Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыға қатысты пікірін білдіріп, заңнамада экс-президенттің отбасы деген анықтамаға оның немере інілері енбейтінін айтты.
«Біріншіден, заң отбасы мүшелерін айқындайды. Немере туыстары кірмейді. Екіншіден, қателеспесем, Тұңғыш президент туралы заңда президентті (тұңғыш), онымен бірге тұратын отбасы мүшелерін қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайтындығы айтылған. Яғни, айып тағуға болмайды. Ал айып тағу үшін тергеуге тыйым жоқ», - деп түсіндірді Қанат Мусин.
Еске салайық, 13 наурызда лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталды.
Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қ.Сатыбалдыұлына қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.