Halyq Uni логотип
×

Беларусь президенті Тасмағамбетовке: «Үнсіз отыра тұру деген болмайды»

2023 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына Беларусь төрағалық етеді

 Халық үні 13.02.2023 | 16:33
Беларусь президенті Тасмағамбетовке: «Үнсіз отыра тұру деген болмайды»
Фото: president.gov.by

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесті.

Кездесу 2023 жылдың 13 ақпанында Минскіде өтті. Кездесуде Беларусь президенті ұйымға мүше елдердің бір келісімге келіп жұмыс істеуі қажет екенін айтты.

«Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты өзіне қатысы жоқ деп ойлап, үнсіз отыра тұру деген болмайды. Уақыты келгенде нақты ұстанымды ұстану қажет болады. Алайда ол ұлттық мүддеге қайшы келмеуі керек. Осы тұста біз өз саясат, өз жолымызды нақты анықтауымыз қажет. Ешкім мемлекетті ұлттық мүдделерге қарсы әрекет етуге итермелемейді. Біз келісімге келуіміз керек. ҰҚШҰ көптен бері келісімге келіп, біртұтас ұйым ретінде әрекет етіп келеміз. Осы бір қиын кезеңнен өтсек, ол одан әрі нығая түседі», - деді Александр Лукашенко.

Айта кетейік, 2023 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына Беларусь төрағалық етеді.

Иманғали Тасмағамбетов 2023 жылдың бірінші қаңтарында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы қызметіне кірісті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама