×

Түркиядағы тонау жағдайына байланысты біздің құтқарушылар елге қайтпайды - ТЖМ

Израиль, Австрия және Германиядан келген жасақ мүшелері онда болу қауіпті екенін хабарлаған

 Еркеғали Болатұлы 13.02.2023 | 15:15
фото: ашық дереккөз

ҚР ТЖМ Түркиядағы тонау жағдайларына қатысты пікір білдірді.

Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұған дейін БАҚ-та қарақшыларға байланысты шетелдік құтқарушылардың апат аймағынан кетіп жатқаны туралы ақпарат пайда болған. Атап айтқанда, Израиль, Австрия және Германиядан келген іздестіру-құтқару жасақтарының мүшелері апат аймағында болу қауіпті екенін хабарлаған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, қазақстандық құтқарушылар апат аймағында болған кезінде өз аумақтарында тонаушыларды кездестірмеген.

Қазақстандық құтқарушылар жергілікті билік органдарымен және консулдармен үнемі байланыста. Жұмыс жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Біздің құтқарушылар апат аймағынан шықпады, - деді Руслан Иманқұлов.

Қазір ҚР ТЖМ құтқарушылары іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Газиантеп қаласына бірінші эшелонмен барған құтқарушылар тәулік бойы екі ауысымда 3 учаскеде жұмыс жүргізіп жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Түркияда қаралы жағдайды пайдаланып, қираған ғимараттар мен дүкендерді тонаған бұзақылардың ұсталып, жазаланғанын жазған болатынбыз. Тіпті, әлеуметтік желідегі бейнежазбаларда олардың қаза тапқан адамдардың денесінен бағалы бұйымдарды шешіп алып жатқандары да көрсетілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама