Атыраудағы екі бірдей қылмыстық іске екі түрлі үкім шығарылған
800 келі бекіре үшін - бір жарым жыл, 100 келі бекіре үшін үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған
Атырауда бекіре тұқымдас балықтарды сатып алу дерегі бойынша екі бірдей қылмыстық іс әрекеті екі түрлі сараланып, екі түрлі сот үкімі шығарылған. Бұл жолы әңгіме - тергеу мен сот жүйесіне қатысты.
№1 ОҚИҒА
Бірінші жағдай былтыр 14 сәуірде болған: қала тұрғыны Ернар Өтегенов біреулермен алдын-ала келісіп, Нұрсая-3 ықшам ауданында 800 келі бекіре тұқымдас балығын 1 млн 200 мың теңгеге сатып алып, үйіне әкеліп сақтайды. Барлығы – 247 дана.
Келесі күні ұсталып, оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-тармағы бойынша бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз иемдену, сақтау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүреді. Тергеу ісінің материалдары сотқа жетіп, сотта сот-биологиялық сараптама және сот-тауарлық сараптама қорытындыларына сәйкес, тәркіленген бекіре тұқымдас балықтардың бәрі де сапа стандартына сай екендігі анықталған. Өтегенов сотта өзіне тағылған айыпты толықтай мойындап, жасөспірім екі баласы бар екенін, отбасының жалғыз асыраушысы екенін, аталған балықтар арзан болған соң, сатып пайда көргісі келгенін айтып, өзіне бас бсотандығынан айырмайтын жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Былтыр 8 маусымда қалалық №2 соты оны 339-бабының 1-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарады. Мемлекет пайдасына қоршаған ортаға келтірілген залал ретінде ешқандай шығын өндірілмейді.
№2 ОҚИҒА
Екінші жағдай былтыр 15 сәуірде болған: Исатай ауданы Жанбай ауылының тұрғыны Нұралы Калисов ауыл маңынан үш аяқты мотоциклдегі бет-жүзін толықтай бетпердемен тұмшалаған белгісіз екі ер адамнан 100 келі бекіре тұқымдас балығын 18 000 теңгеге сатып алады. Барлығы – 25 дана.
Жігіттер саудаласа келе, оған балықтың кішкене иістеніп тұрғанын айтып, 1 келісін 250 теңгеге сатады. Калисов оларды шаруасына жарату мақсатында арзанға сатып алған. Олар қолда бар балықтың салмағын 72 келі деп шамалаған. Калисов балықты сатып алған соң оны қалаға апару үшін жолға шығады. Балықты тасымалдап бара жатқан жерінен «Бекіре-2021» жедел профилактикалық іс шарасы кезінде Исатай аудандық полиция қызметкерлері ұстайды. Олар оның автокөлігін тексеру барысында жүксалғышынан 4 дана қапшыққа салынған 25 дана бекіре тұқымдас балық тәркілейді. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 2-тармағы 5-тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу кезінде балықтың жалпы салмағы 100 келі екені анықталады.
Бұл - ірі залал келтіріп, бекіре тұқымдас балықтарын заңсыз иемдену, сақтау дерегі бойынша тағылған айып.
Тергеп-тексеру кезінде Жайық – Каспий бассейні балық шаруашылығы инспекциясы 100 келі бекіре балығының салмағын есептей келе мемлекетке келтірілген шығын көлемін 43 млн 755 мың теңге деп көрсетеді.
Тергеу ісінің материалдары сотқа жетіп, Исатай аудандық сотында Калисовқа қатысты іс 339-бабы 2-тармағының 5-тармақшасы бойынша қаралды. Сот оған тағылған айыпты дұрыс сараланған деп таныды. Одан бөлек, Жайық – Каспий облысаралық бассейні балық шаруашылығы инспекциясы сотта жануарлар дүниесіне келтірілген 43 млн 755 мың теңге мүліктік зиянды өндіру туралы талап-арыз берген болатын. Алайда, 2021 жылдың 10 желтоқсанында сот-тауарлық сараптаманың қорытындысына сәйкес, 24 дана жалпы салмағы 95 келі бекіре тұқымдас балықтардың сапа стандартына сәйкес келмейтіндігі анықталған. Қалған 5 келісі ғана жарамды деп танылған.
Осыған орай, сот тергеу амалдары кезінде залал көлемінің дұрыс есептелмегенін анықтады. Сонымен қатар, мемлекетке келтірілген залалдың мөлшерін анықтау барысында 14 млн 585 мың теңге көлемінде залал келтірілген деп тұжырымдады.
Істің мән-жайын анықтай келе, Исатай аудандық соты биыл 14 қаңтар күні Калисовке қатысты оған қатысты үкім шығарды. Сот үкіміне сәйкес, Калисов үш жыл бас бостандығынан айырылып, мемлекет пайдасына 14 млн 585 мың теңге көлеміндегі өтелмеген материалдық зиян және мемлекет пайдасына 437 550 теңге көлеміндегі мемлекеттік баж салығын өндіретін болды.
10 наурызда Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы осы іс қарап, Исатай аудандық сотының 14 қаңтардағы үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Калисовтың адвокаты Талғат Мұқатанов апелляциялық шағымында үкімнің күшін жойып, Калисовқа қатысты жаңа үкім қабылдап, бас бостандығынан айырмай, жеңіл жаза тағайындауды сұраған болатын. Олан бөлек, Калисовтан мемлекет пайдасына 14 млн 585 мың теңге көлеміндегі өтелмеген материалдық зиян және мемлекет пайдасына 437 550 теңге көлеміндегі мемлекеттік баж салығын өндіру туралы талап-арызды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.
Ол сотта бірқатар жайттардың назардан тыс қалғанын айтады. Соның бірі – иістеніп, жарамсыз деп танылған балықтар.
«Айырмашылықты қараңыз, 800 келімен ұсталған адамға 1,6 жыл жаза береді, ал 100 келі балықпен ұсталып, оның 95 келісі жарамсыз деп танылып, 5 келісі жарамды деп танылған бекіре тұқымдас балық үшін үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ал, ол балықты аулаған, не сатқан адамдар анықталмайды. Ал қоршаған ортаға залал келтірген сатып алған адам емес, солар, демек, залалды соларға өтету керек», - дейді адвокат Мұқатанов.
Ол екі бірдей қылмыстық іс дерегі бойынша неге екі түрлі сот үкімі шыққанын кейін білгенін айтады. Айтуынша, бұған ҚР Жоғары сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасы Әбдірашит Жүкеновтің облыстық соттарға ҚР ҚК-нің 339-бабы бойынша қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылықтарды саралауға қатысты хаты себеп болған. Ол онда жергілікті соттарда ҚР ҚК 339-бабының 1-тармағына сәйкес заңсыз әрекеттерді 2 немесе 3-тармақтармен саралау қажеттігі көрсетілгенін жеткізді.
Сол себепті, жазылған жайттармен келіспеген ол әріптестері Хамитов және Тукпановпен бірге Жоғары сот төрағасы Жақып Асановтың атына Жүкеновтың хатын қайтарып алуды сұрап хат жолдады.