Ресейде соғысқа қарсы мақалалар шыға бастады
Жарияланымдар тез өшіріліп жатыр
«Комсомольская правда» газетінің сайтында соғысқа қарсы бірнеше жарияланым пайда болып, арада 10 минут өткенде алынып тасталды. Бұл туралы «Новая газета – Европа» хабарлады.
Сенбі күні «Комсомольская правда» газетінің сайтында Ресейдің Украинадағы соғысы және Ресейде саяси тұтқындардың азапталуы туралы ондаған жарияланым шыға келді. Алайда көп ұзамай олардың бәрі өшірілді.
Осыған қатысты ақпаратты бірінші жариялаған «Продолжение следует» порталы жарияланған мақалаларды бас тақырып етіп берді. Олардың арасында «Путин приказал бомбить мирные города в Украине», «Кремлевский режим выпустил заключенных с оружием», «Пытки над Навальным: как в российских тюрьмах обращаются с политзаключенными» және «Россия разжигала конфликт в Украине с 2014 года» деген мақалалар бар.
Владимир Романенко деген тілші жазған жарияларымдар сайт бетінде 10 минутқа жетер-жетпес уақыт қана тұрған. Дегенмен олар сайттың веб-архивінде қалайда сақталып қалады екен.
Мен бұлардың бір бөлігін «Главное» деген негізгі бөлімге шығардым. Олар сайтта көрініп тұрды. Сонымен бірге, материалдар «Яндекс-Дзенде» жарық көрулері үшін белгілер қойдым. Бірақ олардың ұзақ тұратынына сенімді болған жоқпын. Расында модераторлар «дұрыс емес» жарияланымдардың кетіп қалғанын өте тез, 7 минутта аңғарды, – деді Романенко «Продолжение следует» сайтына берген жауабында.
Аталған сайт хабарлағандай, материал жарияланып кеткеннен кейін шығарушы редактор Романенкоға: «Я относилась к тебе как к человеку. Не ожидала от тебя такого», – деп жазады да өзінің мессенджерінде мұны бұғаттап тастайды.
«Продолжение следует» басылымымен сөйлескенінде Романенко өткен жылдың қыркүйек айынан бері «Комсомольская правданың» федералды таспасында тілші болып жұмыс істеп келгенін, мұнда Мәскеуде 4 ай бойы жұмыс таппаған соң орналасқанын айтып береді. Оның сөзіне қарағанда, Ресей Украинаға кең ауқымды шабуылмен басып кірген күннен бастап Кремльдің әрекеттерін қолдамаған, ал мобилизация басталғаннан кейін бірден елден кетіп қалған.
Насихатта жұмыс істеу мені эмоциялық жағынан басып тастады. Көптеген кісілер осындай басылымдарда жұмыс істейді. Рас, олар Украинада бейбіт тұрғындардың өлтіріліп жатқанын қолдайды. Ұжыммен екіжүзділік сипатында диалог жүргізу мен күн сайын өтірік нәрселерді жаза беру – біз ойлағаннан да қиын нәрсе. Жұмыстан кейін қатты шаршайтыным сондай, менің бойымда күш те, әлдекіммен әңгімелесуге құлық та, бірнәрсе істеуге ықтияр да қалмаушы еді, – деді Романенко.
2022 жылдың көктемінде Lenta.ru қызметкерлері «Украина нарушила планы Путина» және «Россия полностью уничтожила Мариуполь» деген мақалалар жариялаған болатын. Артынша осыны дайындаған журналистер жұмыстан кетті.