«Үкіметтен қолдау керек». Ақмолалық 100-ден аса адам қазақы тазыны өз күштерімен сақтап отыр
Қазір өңірдегі тазы баптайтындардың тізімі толықтырылып жатыр
Ақмола облысында иттің жақсысы саналатын құмай тазыларды отбасымен 30 жылдан аса уақыт бойы баптаумен айналысып отырғандар бар. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасы хабарлады.
Атап айтқанда, жергілікті тұрғын Манарбек Ысқақов 10-нан аса тазы асырайды. Реті келгенде атын ерттеп, соларды жүгіртіп тұруды әдетке айналдырған.
Негізі ең бірінші Үкіметтен қаржылай қолдауы керек. Себебі тазы – біздің ұлттық құндылығымыз ғой. Осы құндылықты сақтап, оны әрі қарай келер ұрпақтың бойына сіңіріп, дәріптеп, насихаттау үшін қаржы қажет. Кинология орталықтары, федерация мен питомниктер ашылса, өте жақсы болар еді, - дейді ол.
Бұл ретте Манарбек Ысқақовтың тұңғыш ұлы Айбек Ысқақтың өзі үлкен жарыстардан олжалы қайтып жүр. Ол тек сайыстарға қатысып қана қоймай, өңірде бірнеше тазы жүгірту додасын да ұйымдастырыпты.
Біз өзіміз Көкшетау өңірінде 2018 жылдан бастап тазы жарыстарын ұйымдастырып жүрміз. Жүлде қорын өз қалтамыздан шығарып немесе жарысқа қосылатын тазылардың жарнасы арқылы беріп келеміз, - дейді Айбек Ысқақ.
Ал алдағы уақытта жүлделі болған тазыларға қолдау білдіруге жергілікті сала мамандары ниет танытып отыр. Сонымен қатар, облыстық итбегі қауымдастығын ашу да жоспарланған. Қазір өңірдегі тазы баптайтындардың тізімі толықтырылып жатыр екен.
Біздің кауымдастық осы бағыта жиналыс өткізді. Қажетті құжаттар заң бойынша толық жиналғанда, ашылады. Алдағы уақытта итбегілік жарыстарды өткіземіз, - дейді облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының бөлім жетекшісі Қуаныш Қарауылов.
Бүгінде өңірде осындай таза баптайтын 100-ден аса адам бар. Олар өңір намысын түрлі республикалық, халықаралық сайыстарда лайықты деңгейде қорғап жүр. Олар да алдағы уақытта тиісті қолдау күшейтілсе, облыстағы асыл тұқымды иттер мен оларды бағып-баптаушылардың да қатары артады деген сенімде.