×

«Әділдік орнайтынына сенімдімін»: Біртанов сот үкімінің күшінде қалғанына қатысты пікір білдірді

Экс-министр өзін кінәлі санамайтынын айтты

 Халық үні 10.02.2023 | 17:48
Halyq Uni

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі сот үкімінің өзгеріссіз қалғанына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Соттың алдында екі нұсқа болды: сот үкімінің күшін жою немесе күшінде қалдыру. Өкінішке орай, сот үкімі күшінде қалды. Мұның негізсіз үкім екенін айтып, дәлелдеп жүрміз. Шын мәнінде ешқандай дәлел жоқ. Әрине, аздап көңіліміз түсті. Алайда біз райымыздан қайтпаймыз, себебі адал адамдармыз», - деді Елжан Біртанов.

Сондай-ақ экс-министр өзін кінәлі деп санамайтынын айтты.

Өзімді Қаржы мониторингі агенттігі ойлап тапқан қылмыс үшін кінәлі деп санамаймын. Сол себепті соңына дейін күресеміз. Келесі қадам – Жоғарғы сотқа, сондай-ақ халықаралық сотқа жүгіну. Бұл іске халықаралық қарыз бен халықаралық компанияның қатысы бар, - деді экс-министр.

Біртановтың айтуынша, Ericsson Nicola Tesla компаниясы да аудандық соттың үкіміне наразы.

«Компания сотқа жүгінуді жоспарлап отыр. Халықаралық сотқа жүгініп, ешқандай заңбұзушылық болмағанын, мұның ойдан құрастырылған қылмыс екенін дәлелдейміз. Әділдік орнайтынына сенімдімін», - деді Біртанов.

Айта кетейік, 10 ақпанда Астана сотының апелляциялық алқасы экс-министр Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтің ісін қайта қарап, бірінші инстанцияның судьясы Ибрагим Әлкенов шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама