×

Көпірден секірмек болған адамды құтқарды: «150» нөміріне қандай жағдайда жиі хабарласады

«150» сенім нөмірі ұзақмерзімді психологиялық көмек көрсетпейді

 Айгерім Таубай 04.02.2023 | 11:25
Фото: depositphotos

Қазақстанда күні-түні психологиялық көмек көрсететін «150» сенім нөмірі 15 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Бұл нөмірге қиын жағдайға тап болған кез келген азамат хабарласа алады. Көп жағдайда 150 нөміріне тұрмыстық зорлық-зомбылық, есірткі мен құмар ойынға тәуелділік (лудомания), суицид туралы ой мазалаған адамдар хабарласады.

Halyq Uni тілшісі «150» сенім нөмірінің үйлестірушісі Әлия Жанғожинамен сөйлесіп, оператор мамандардың жұмысы мен қазақстандықтар қандай мәселемен жиі хабарласатынын сұрады.

Бірден айту керек жайт, «150» нөміріне түскен барлық қоңырау бойынша құпиялық сақталады.

ХАБАРЛАСАТЫНДАР ЕКІ ЕСЕ КӨБЕЙДІ

Телефонның екінші жағындағы кәсіби психолог отырады. Олардың міндеті – көмек сұрап хабарласқан адамға жәрдемдесу, күйзелістен шығуға қол созу. Сондай-ақ ол адамға қалай көмектесе алатынын ойластырады. Кей жағдайда азаматтың қоңырауына байланысты жедел жәрдем, полиция секілді басқа мекеменің көмегі қажет болады.

«Адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болса немесе қиын жағдайға тап болса, оны дағдарыс орталығына, балалар үйіне жібереміз. Құқық бойынша сұрақтары болса, өз құқығын қорғай алмайтын болса, заңды тұлға ретінде министрлік не әкімдікке өтініш жазамыз», - дейді Әлия Жанғожина.

2022 жылы орталыққа 86 024 қоңырау түскен. 

«2022 жылы бір жыл бұрынғымен салыстырғанда екі есе көп қоңырау түскен. Бұл әлемдегі, елдегі тұрақсыздыққа байланысты көбейді. Әлемдегі тұрақсыздық салдарынан адамдардың психикалық жағдайы нашарлады. Адамдардың басым бөлігіне психологиялық көмек қажет болды. Егер адам психологиялық көмекке жүгінуге дайын болмаса, түрлі әрекетке бара бастайды», - дейді маман.

ЖАНЖАЛ, БУЛЛИНГ ЖӘНЕ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ

2022 жылы азаматтар жеке және кәсіби қызметтегі мәселе, отбасыдағы жанжал және тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жиі хабарласқан.

«Сондай-ақ лудомания, яғни құмар ойынға тәуелділік, есірткі мен ішімдікке әуес болу және діни мәселе бойынша жиі хабарласады. Жастар жоспарсыз ерте жүктілік, буллинг бойынша қоңырау шалады», - дейді Әлия Жанғожина.

«Жақында бір ер адам хабарласты. Алматы қаласында көшедегі көпірден секіргелі жатқанын айтты. Қиындықтар болған соң әрі қарай өмір сүрудің мәні жоқ деп санаған. Өмірінің «соңғы» минуттарында біздің орталыққа хабарласты. Психологтар оны райынан қайтарып, қай жерде тұрғанын білді. Көңілін бөлу үшін әртүрлі әңгіме қозғап, уақыт созды. Осы сәтте полиция қызметкерлеріне хабарласып, қайғылы жағдайдың алдын алдық», - дейді маман.

ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕСІ

«150» нөміріне қандай да бір мәселе бойынша 10-11 жастағы балалар да хабарласады. Олар мектептегі ұрып-соғу, қысым туралы айтып, отбасыдағы жанжалға қатысты көмек сұрайды.

«Балаға көмек көрсету үшін ол кем дегенде өзінің аты-жөнін немесе туыстарының атын атауы қажет. Себебі сол арқылы ювеналды полициямен байланысқа шығамыз. Бірақ балалар аты-жөнін айтса жағдай ушығып кетеді деп қорқады. Ата-анасы ұрып-соқса да, олардың басында қиындық болмауын ойлайды», - дейді маман.

Алайда 15-16 жастағы жасөспірімдер аты-жөнін, ата-анасы туралы деректерді айтады.

«Бірде жасөспірім аты-жөнін айтып, отбасындағылардың қатыгездік танытатынын хабарлады. Іске ювеналды полиция мен бала білім алатын мектеп те тартылды. Осындай бір жағдайда қыз жатақханаға орналастырылды. Содан кейін психолог, әлеуметтік мамандар мен мектеп мұғалімдерінің жұмысы нәтижесінде қыз отбасына оралды. Бірде бір қыз отбасы соққыға жыққанын айтып хабарласты. Ювеналды полиция қорғаншылық органдарымен байланысты. Қазір қыз арнайы үйде тұрады. Ата-анасын құқығынан айыру немесе шектеу бойынша іс қозғалды», - дейді Әлия Жанғожина.

Мәселені шешу үшін жасөспірімдердің аты-жөнін немесе білім алатын мектепті атағаны маңызды.

Айта кетейік, «150» сенім нөмірі ұзақмерзімді психологиялық көмек көрсетпейді, шұғыл жағдайларға байланысты жәрдем береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама