Бибісара Асаубаева гроссмейстер Сергей Карякинді қалай жеңгенін айтты
Мен кәсіпқой шахматшы ретінде қарсыласымның қалағаны болмайтынын білдім, - деді ол
Шахматшы, блицтен екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева ресейлік гроссмейстер Сергей Карякинмен ойыны туралы айтып берді.
«Бұл өзі мықты турнир болды. Мені ойынға соңғы сәтте шақырды. Өкінішке қарай, дайындыққа уақыт аз болды. Турнирде әйелдер арасындағы үздік шахматшылар ғана емес, Сергей Карякин, Теймур Раджабов, Александр Грищук секілді әлемнің ең мықты шахматшылары да ойнады.
Осы турнирде мен рапидте 4 ұпаймен Сергей Карякинді, одан кейін Теймур Раджабов пен тағы бірнеше мықты шахматшыны ұттым. Өзіме ойынның нәтижесіне қарап, 4 деген баға бердім. Себебі блицтен соңғы ойын күні Сергей Карякинмен тең түссем де, аз ұпай алдым. Көп қателестім. Содан турнирлерге алдын ала тыңғылықты дайындалу керек деп шештім, - деді Бибісара Асаубаева Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.
Осыдан кейін Сергей Карякиннің ойынына қатысты пікір білдірді.
«Маған жеңіс бұйырды. Мен кәсіпқой шахматшы ретінде ойында Сергей Карякиннің қалағаны болмайтынын түсіндім. Осы сезім, интуиция мені жеңіске жетеледі. Десек те ол – өте мықты қорғаушы, әлемдегі үздік шахматшылардың бірі. Сондықтан жеңісті жіберіп алмау үшін партияны соңына дейін ойнадым», – деді Асаубаева.