Ақтаудағы Мұз айдыны ғимаратының құрылысы неге тоқтап тұр?

Дастан Жұмабекұлы

Кейін келген әкімдер өздеріне дейінгі әріптестерінің әрекетіне сілтей салмай, осы жұмысты жылдам және сапалы аяқтауын күтеміз

фото: Айбек Мұханов

Ақтау қаласының 32-шағын ауданындағы Мұз айдыны ғимаратының құрылысы жылдар бойы сол қалпында тоқтап тұр. Бұл туралы редакцияға хат жолдаған журналист Айбек Мұханов айтты.

Оның айтуынша, құрылыс нысаны екінші рет мерзімін ұзартқанның өзінде, былтыр жазда бітуі тиіс еді. Қазір еш өзгеріс байқалмайды.

«Енді нысан паспортындағы аяқталу мерзімін бояп өшіріп тастапты. Өйтіп кімді алдаймыз?! Осыдан соң Маңғыстауда қысқы спорт түрлері қайдан дамиды? Жазда күнге күйіп жүріп, арнайы бақылап едім. Қыстың боранды күнінде тағы да тексеріп кеттім.

Бұл нысан авторлық қадағалау мен техникалық қадағалаудан бөлек, қоғамдық қадағалауымызда да тұрғанын ұлықтардың ұмытпағаны жөн. Бұрынғы облыс әкімінің бірінші орынбасары осы мұз айдынына бөлінген қаражатты қалтасына салып алған жағдайдан кейін Финпол, Антикор, қоғам белсенділері жиі тексеріп тұруы керек. Мен осы даулы құрылысқа қатысты журналистік зерттеу жүргіздім», –  деді ол.

Журналисттің «Мұз айдыны ғимараты не себепті тоқтап тұр? Қашан пайдалануға беріледі?» деген сұрақтарына Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы міндетін атқарушы Айбек Имашев жауап берген екен.

Шенеуніктің айтуынша, Ақтау қаласындағы мұз сарайын салу және пайдалану жұмыстары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған. «Мемлекеттік әріптес» атынан аймақ әкімдігі өкілеттік берген Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы 2018 жылғы 26 наурыз күні «Жекеше әріптес» тарапынан «Н+Н TECHNIKA, spol. s r.o.» ЖШС-мен бірге екіжақты келісім-шарт жасаған.

Шартта көрсетілген міндеттемелердің орындалмауына байланысты кейін «Мемлекеттік әріптес» ол шартты бұзу туралы сотқа талап арыз берген. Ал «Жекеше әріптес» құрылыстың толық аяқталмауына және кешігуіне байланысты мынадай түрлі себептерді алға тартады:

Осы ретте басқарма басшысының міндетін атқарушы құрылыс нысанының дер кезінде салынбауын сыбайлас жемқорлықпен байланыстырады. Оның айтуынша, тергеу нәтижелері бойынша 2019 жылы жабдықтары бар қоймалар мөрленіп, жұмыстар 2019 жылдың соңына дейін тоқтатылған.

Одан кейін 2019-2020 жылдары Covid-19 індетінің салдарынан Қазақстан мен Словакиядағы карантиндік шектеулерге байланысты Жекеше әріптес өкілдерінің және Инвестициялық банктің техникалық қадағалау өкілдерінің елімізге келуге мүмкіндігі болмаған.

Сондай-ақ құрылыс жұмыстарын бастау үшін 2021 жылы мердігер «Шалқарпромхолдинг» ЖШС-мен шарт жасалады. Мердігер 2021 жылдың басында алдын ала төлем жасап, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастап, бірақ бір айдан кейін жұмысын тоқтатқан. Жекеше әріптес жұмыстарын жүргізбегені үшін мердігер сотқа талап арыз берген. Осы іс бойынша 2022 жылғы қарашадағы соттың шешімі жеке әріптестің пайдасына шешілген.

Жеке әріптес 2021 жылдың соңында «Атамекен СМК» ЖШС-мен құрылысты жалғастыру үшін шартқа қол қойып, жұмысты 2022 жылғы ақпанда жаңа мердігер бастайды.

Бұл ретте 2022 жылдың сәуір айынан бастап құрылыс жұмыстарының басталуымен қатар, жеке әріптес жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзарту, бұрын берілген техникалық шарттардың мерзімін ұзарту үшін және МЖӘ негізгі шартына қосымша келісімге қол қою жөніндегі бірлескен кеңес өткізген.

Соның негізінде 2022 жылғы 8 шілде күні жер учаскесін жалға алу мерзімі, ал желтоқсан айында инженерлік желілерге қосылудың техникалық шарттары ұзартылған.

Айбек Имашевтің айтуынша, «Словакияның инвестициялық банкі» жобаны қаржыландыруды жалғастыру және қосалқы станцияның құрылысын салу үшін шартқа сәйкес мемлекеттік серіктес немесе жеке серіктесті анықтау мәселесін қарастырып жатыр екен. Егер жеке серіктес болса, онда бұл тармақ бойынша қосымша келісімге түзетулер енгізіліп, екі тараптан мақұлданып, бекітілуі керек екен.

«Бекітілген қосымша келісім аясында құрылыс жұмыстары жалғасады дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы. Қандай жағдайда да қаражат пен уақыттан ұтылып жатырмыз. Кейін келген әкімдер мен жұмысқа енді кіріскен мекемелер өздеріне дейінгі әріптестерінің әрекетіне сілтей салмай, осы жұмысты жылдам, жауапкершілікпен және сапалы аяқтауын күтеміз», –  деді журналист.