Украина жазға қарай Қырымды қайтару жоспарда бар екенін мәлімдеді

Дастан Жұмабекұлы

Буданов бәрі тап солай болатынына сенімді

фото: 24tv.ua

Украина биылғы жылдың жазына таман Ресей армиясы уақытша жаулап алған Қырымды соғыспен қайтаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.

Украина Қорғаныс министрлігі Бас барлау басқармасының бастығы Кирилл Буданов The Washington Post газетіне берген сұхбатында осылай деді. Оның айтуынша, түбектің сол мерзімнің межесінде «өз отанына қайтып оралуы» үшін Украина Қарулы күштері қолдан келетіннің бәрін жасамақ.

Буданов бәрі тап солай болатынына сенімді.

Олар Қырымды бізге қайтарып береді. Мен одан да зорын айтайын: мұның бәрі 2014 жылы басталған, енді сол қалпында тағы кері қайтады, – деді ол.

Украина барлауының басшысы сонымен бірге Қырымның оккупациясын жоюдың Ресей президенті Владимир Путиннің ядролық қару қолдануына апарып соқтыратынына сенбейді.

Ресей – бәрін де күтуге болатын, бірақ тап ондай ашық нақұрыстыққа жол бере қоймайтын ел. Кешіріңіздер, тап сол енді болмайды. Ядролық қару қолдану Ресейдің соғыстағы жеңілісін ғана әкеліп қоймайды, сонымен қатар оның күйреуіне де алып барады. Мұны олар да өте жақсы біледі, – деп атап өтті Буданов.

Ол бірқатар ресейлік жоғары лауазымды шенеуніктердің ядролық қару қолданылуы ықтимал екендігі жөніндегі мәлімдемелерін жай «тактикалық қорқыту» деп атады. Былайша айтқанда, кәдімгі бопса.

Майдандағы оқиғалардың даму барысына келгенде, Буданов Ресей әскерилерінің барлық күшті Донецк және Луганск облыстарын жаулап алуға төгіп жатқанына тоқталды. Негізгі шайқастар қазір сол жерлерде болып жатыр. Ол орыстардың жақын арада Беларусь территориясынан тағы бір шабуыл бастауы жайлы болжам оншалықты сенімді емес деп есептейді.

Будановтың есебі бойынша, қазір майданда барлығы 326 мың ресейлік әскерилер жүр.

Қырым үшін ұрыс қимылдарының жазда болатынын Украина президенті Владимир Зеленский де ишаралап айтқан. Ол сол жолы чех телеарнасына берген сұхбатында Украина Ресейді жеңген бойда өзінің бірден Қырымға баратынын мәлімдеген еді.

АҚШ президенті Джо Байден Abrams танкілерінің Украинаға берілетін болып шешілгенін жариялаған кезінде Украианның жаңа шабуыл дайындап жатқанын атап өтті. Ол украин қорғаушыларының түбекті қайтарып алулары үшін қолдан келген көмекті аямайтындарын да ескертті.

Украинаның Қырымды 2023 жылдың тамызына қарай қайтарып ала алатынын АҚШ-тың Еуропадағы армиясының бұрынғы қолбасшысы, генерал Бен Ходжес те айтқан. Оның айтуынша, биыл жазда соғыстың шешуші кезеңі Қырымды да қамтиды, осыдан кейін Путин өзінің билігін жоғалтып алуы мүмкін.