Halyq Uni логотип
×

Қытай, Түркия және БАӘ Ресей банктеріне қарсы санкцияларға қосылды – БАҚ

РФ-ның ұлттық банк жүйесі кең ауқымды қуғындауға түсті

 Дастан Жұмабекұлы 02.02.2023 | 11:29
Қытай, Түркия және БАӘ Ресей банктеріне қарсы санкцияларға қосылды – БАҚ
фото: ашық дереккөз

Ресей өзі «дос» санап жүрген бірқатар елдер РФ банктеріне салынған санкцияларға қосылды. Бұл туралы РБК хабарлады.

Агенттіктің хабарлауынша, «Коммерсант» конференциясында Росбанк бастығының орынбасары Александар Рахманин осының жайын тарқатып айтып берді.

Банк басшысы орынбасарының айтуынша, Қытайдағы, Түркиядағы, Біріккен Араб Әмірлігіндегі «әріптестері» шектеуге түскен ресейлік кредиттік ұйымдармен жұмыс істеуден бас тартқан. Мұндай «бас тартушылар» қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан секілді посткеңестік мемлекеттер де бар.

Ресейліктердің Қытайда РФ банктеріне көмек көрсетуге тілек білдірушілер кезекке тұрады деген үміттері ақталмады. Ондағы Bank of China, ICBC, China Construction Bank сияқты мемлекеттік ірі банктер бірден Ресеймен жұмыс істеуден бас тартушылар жағына шығып кетті. Олар РФ-ның санкциялық бұғаттауға түсіп қалған банктерінен төлем қабылдауды кілт тоқтатты.

Ресейліктер үшін енді бұл шектеулерді юаньмен сауда жүргізу арқылы айналып өту де мүмкін бола бермейді.

Бүкіл (қытай) төлем инфрақұрылымы SWIFT қол астына бағындырылған. Егер Ресей банкі санкция бойынша немесе санкциясыз-ақ SWIFT-тен ажыратылған болса, онда оның трансшекаралық төлем төлеуге қолжетімділігі де тоқтайды, – деп түсіндірді Росбанктің менеджері.

Санкция талаптарын түрік банктері де қатаң сақтайды. Олар Ресейдің қара тізімге енген банктеріне лира ақшасымен корреспонденциялық есепшот ашудан бас тартып отыр.

Ресей банк секторының айтарлықтай бөлігі әлдеқандай бір жағдайлармен санкцияларға қатысты болғандықтан, ашығын айтқанда, түрік банктерімен жұмыс жасасу мүмкіндігі тек екінші эшалондағы банктерде ғана қалып тұр, – деді Рахманин.

Ресей компаниялары санкциялық шектеулерден қашып, өз бизнестерін жаппай аударып жатқан БАӘ-де де проблемалар болып жатыр.

Жергілікті реттеуші Ресеймен сауда кезінде, мысалы, АҚШ долларын жергілікті дирхеммен толық көлемде ауыстыруға рұқсат бермейді, – деп атап өтті Рахманин.

Оның айтуынша, мұндай проблемалар қазақтың теңгесіне, өзбектің сумына, қырғыздың сомына, тәжіктің соманиіне қатысты да кездесіп отыр.

Ресейге Украинаға басып кіргеннен кейінгі салынған санкциялар толқыны елді әлемдік қаржы сахнасында қара тізімге енуі жағынан «көшбасшы» етіп шығарды, ал ұлттық банк жүйесі кең ауқымды қуғындауға түсті.

Ресейдің 20-дан аса банкі батыстың санкцияларына тап болды. Олардың ішінде «Сбер», ВТБ, БЭБ, «Открытие» және Россельхозбанк бірден SWIFT жүйесінен ажыратылды.

Ірі мемлекеттік банктерден тек газбен есептесу үшін діңгек болып тұрған «Газпромбанк» қана жақын аралыққа дейін доллармен және еуромен есеп айырыса алады. Дегенмен қаңтар айынан бастап ол доллар операциясын жүргізуге қажетті америкалық корреспонденциялық есепшоттан ажыратылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама