Санкт-Петербургте 77 жастағы суретші соғысқа қарсы көрме ашты
Осипова алған бетінен қайтып көрген емес, өзінің азаматтық ұстанымын көрсетіп келеді
Санкт-Петербург қаласында тұратын 77 жастағы суретші Елена Осипова өзінің «Ресей деген – Путин емес» көрмесін ашты. Бұл туралы «Диалог.Ua» хабарлады.
Осылайша Украинадағы соғысқа қарсы шыққан батыл әйел Ресей өзінің елі екенін, сондықтан ешкімнен қорықпайтынын мәлімдеді.
Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында Украинадағы соғысқа қарсы бірнеше рет сөз сөйлеген, сол үшін билік тарапынан қуғынға ұшыраған 77 жастағы суретші Елена Осипованың көрмесі ашылды, – деп жазды ресейлік БАҚ-тардың дерегіне сүйенген портал.
Суретші Санкт-Петербургте туған, көп жыл сурет мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген, бейнелеу өнерінен сабақ берген. Соғысқа қарсы плакаттар салып, қарсылық акцияларына қатыса бастағалы бері оның аты туған қаласынан шығып, дүйім елге белгілі бола бастады.
Полиция оны бірнеше рет Санкт-Петербург көшелерінде тоқтатып, қолындағы плакаттары мен картиналарын жыртып тастаған. Соған қарамастан Осипова алған бетінен қайтып көрген емес. Ол өзінің соғысқа қарсы екенін білдіріп, азаматтық ұстанымына берік екенін көрсетіп келеді.