Біз Ичкерия үшін соғысып жатқанда, сендер қайда болдыңдар? – Рамзан Кадыров

Дастан Жұмабекұлы

Шешенстанның басшысы республиканың тәуелсіз болғанын көргісі келетінін ашықтан-ашық мойындады

фото: ашық дереккөз

Ресейдің Шешен Республикасының басшысы Рамзан Кадыров күтпеген жерден үндеу жасап, Ичкерияның азаттығы жолында соғыс болғанын растап берді. Бұл туралы «Диалог.Ua» хабарлады.

Польшада «Шешенстан тәуелсіздікке жетуге еңбек сіңірді» деп айтылған мәлімдемеге Рамзан Кадыров қызық сипатта жауап берді, – делінген хабарламада.

Шешенстан басшысы күтпеген жерден Батыс елдеріне өзінің үндеуін арнады. Ол Батысты шешендер Ресейден тәуелсіздік алу жолында күресіп жатқанда, генерал Джохар Дудаевтың тәуелсіз Ичкериясына қолдау көрсетпеді деп айыптады.

Кадыровтың видеоформаттағы жаңа үндеуі Польшаның премьер-министрі Матеуш Моравецкидің Ресейді жайлаған халықтарға азаттық әпергені дұрыс болатыны жайлы жақында жарияланған мәлімдемесі желеу болыпты. Поляк Үкіметінің басшысы онда бұған дейін өз бостандығы жолында күрескен Шешенстанды ең алдымен атап өткен еді. Бұған Кадыровтың реакциясы көп күттірген жоқ.

Біз тәуелсіздік мүддесін алға тартып, Ичкерия үшін соғысып жатқанда, сендер қайда болдыңдар? Еуропа елдері неге сонда бізді қазіргі Украинаны қорғап жатқандай қолдамады? – деген сауал қойды ол.

Кадыров осылай Шешенстанның тәуелсіз болғанын көргісі келетінін ашықтан-ашық мойындады. Алайда мұның экономикалық себептерге байланысты қазір мүмкін емес екенін де жасырмады. Өйткені Шешенстан өз тәуелсіздігін ала қалған жағдайда Ресейдің орасан зор дотациясынан қағылады. Ал елді ұстап тұруға кететін шығындарды өз бетінше жабуға шамасы жетпейді.

«Біз қаншама тәуелсіз мемлекет болғымыз келсе де оны іске асыра алмаймыз. Себебі 1,5 миллион тұрғынды тамақтандыру, киіндіру керек», – деп ашығына көшті Кадыров.