×

Әлихан Смайылов халықпен кездеспеген министрлерді атады

Әкімдермен кездесуде мәселенің шамамен 99%-ы шешіледі

 Дәурен Ерболат 31.01.2023 | 11:30
фото: ашық дереккөз

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, Энергетика министрі Болат Ақшолақов және Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов халықпен кездесуді әлі өткізбеген. Бұл туралы бүгін премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, президент министрлердің және әкімдердің халықпен кездесулерінде жиі көтерілетін проблемалық мәселелерге жүйелі түрде мониторинг жүргізуді тапсырған.

Сондықтан халықпен қарым-қатынас жасаудың жаңа форматына көшіп, оларды толғандыратын мәселелерді шұғыл шешудің нақты алгоритмдерін әзірлеу қажет. Мониторинг көптеген мәселенің жыл сайын қайталанатынын көрсетті. Яғни оларды түпкілікті шешу керек, - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Сұрақтар негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, сондай-ақ баға мәселесіне қатысты болған.

Олардың басым бөлігі министрлердің халықпен кездесулерінде жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен сол жерде шешілді. Ал қалған мәселелер мемлекеттік органдардың іс-қимыл жоспарларына енгізілді. Оларды шешуге уақыт керек, - деді премьер-министр.

Оның пікірінше, барлық ведомство басшылары мәселені бақылауға алу керек. Тіпті кейбір министрлер халықпен әлі кездеспеген.

«Сондықтан барлық министр мемлекеттік органдардың іс-қимыл жоспарларына енгізілген проблемалық мәселелерді уақытылы шешуді қамтамасыз етуге тиіс. Цифрлық даму, Еңбек, Энергетика және Төтенше жағдайлар министрліктері кездесулерді алдын-ала хабардар етіп, сапалы ұйымдастырды. Қорытындысы туралы арнайы брифингтер өткізді. Алайда кейбір министрлік басшылары жоспарланған 15 кездесуді өткізген жоқ. Мәселен, Индустрия министрлігі 2 облыста кездесу өткізген жоқ. Энергетика және Ішкі істер министрліктерінде де осындай жағдай. Бұл жерде қандай да бір сылтау айту орынсыз. Ешқандай себеп қабылданбайды. Барлық кездесу  өткізілуге тиіс. Оған вице-министрлерді де тарту қажет. Бұл азаматтарды көбірек қабылдауға мүмкіндік береді», - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ ол әкімдердің жұмысына тоқталды.

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейді. Бізге ашық және нақты байланыс қажет. Халық үніне құлақ асатын мемлекет үшін мұндай іс-шаралар халықпен қарым-қатынастың маңызды құралына айналуға тиіс. Ел ішінде    әкімдердің кездесулерін асыға күтеді. Өйткені мәселенің көпшілігі жергілікті жерлерге қатысты көтеріледі. Сондықтан олар жаңа форматта өткізіліп жатыр. Әкімнің өзі аудандарға жиі шығып, халықпен кездеседі. Бұл қатысушылар санын айтарлықтай арттырып, көп мәселені шешуге мүмкіндік береді. Есептерге қарасақ, әкімдермен кездесулерде проблемалардың шамамен 99%-ы шешімін табады», - деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама