«Қазпошта» өкілдерінің сәлемдемелерді сыртқа лақтыратыны рас па? (ВИДЕО)
Оператор осыған ұқсас тағы бірнеше «сәлемдеменің» домалап бара жатқанын түсірген
Әлеуметтік желіде «Қазпошта» АҚ логотипі бар жүк көлігіне ғимараттан қаптарды лақтырып жатқан видео пайда болды. Бейнежазба авторы сәлемдемелерді осылай тиеп жатыр деген болжам жасаған. Алайда компанияның PR қызметі оның сөзін жоққа шығарды.
Бейнежазбаның Алматы облысының Іле ауданында түсірілгені айтылған. Кадрдан әлдебір ғимараттың жанында тұрған «Қазпошта» АҚ логотипі бар жүк көлігін көруге болады. Сол кезде лақтырылған қап баспалдақпен домалап барып, жерге түскен.
Кейінірек оператор осыған ұқсас тағы бірнеше «сәлемдеменің» домалап бара жатқанын түсірген.
Пошта осылай жөнелтіледі. Олар қаппен лақтырады, – дейді видеоның авторы.
«Қазпошта» АҚ PR қызметі болса, бұл видео авторының болжамы шындыққа жанаспайтынын алға тартып отыр.
«Telegram арнасында жарияланған видеоға байланысты видео авторының болжамы шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Жөнелтілген қара полиэтилен пакеттерде хаттар немесе сәлемдемелер болмаған. Барлық пошта жөнелтілімдері көліктерге тиісті талаптарға сай тиеледі», – деп жауап берді компания өкілдері.