Ешқандай армия өз отанын сырт жерде қорғамайды – генерал Руцкой
Ол Путиннің сатқын екенін айтып, Қорғаныс министрлігінің басшылығын барынша қабілетсіз деп кінәлады
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путинді сатқын деп айыптаған генерал Александр Руцкой «отанын сырт жерде қорғап жүрген» РФ армиясына көңілі толмайтынын білдірді. Бұл туралы «Диалог.Ua» хабарлады.
Ресейдің бұрынғы вице-президенті, Курск облысының бұрынғы губернаторы, отставкадағы генерал-майор Александр Руцкой тағы Кремльді сынға алып, Ресей Қорғаныс министрлігінің басшылығын барынша қабілетсіз деп кінәлады.
Ол министрліктің жедел-стратегиялық шабуыл операцияларын жүргізуге қауқарсыз екенін айтты.
Мұндай операцияларды жүргізу үшін соған лайықты қарулы күштер болу керек. Егер қарулы күштердің жедел-стратегиялық шабуыл операцияларын жүргізу мүмкіндігі болмаса, онда оның әсіресе өз елінен тысқары жерлерге тұмсығын тығуының қажеті жоқ, – деді генерал.
Оның айтуынша, Ресей армиясын 22 жылдан бері ешуақытта әскер қатарында қызмет етіп көрмеген біліксіз адамдар басқарып келеді. Руцкой соның ішінде Сергей Шойгуды атап өтті.
Ондайлар қарулы күштерді қандай жағдайға жеткізетінін, міне, көріңіздер, қорытындысы – осы! – деді ол.
Бұған қоса, генерал Украинадағы соғыстың бүкіл Ресей үшін трагедия екенін айта отырып, Путинге ресейліктерді мұндай ешбір ақтап алуға жатпайтын анық та мағынасыз өлімге аттандырып отыру құқығын кім бергенін сұрады.
Олар Ресейді кімнен қорғап жүр? Не үшін қаза тауып жатыр? Ал адамның еш мән-мағынасыз топырлап өліп жатуы, бұл енді, трагедия! – деп түйіндеді сөзін генерал.
Ол қазір Ресей армиясында өлгендері мен жараланғандары жоқ бірде-бір полктың қалмағанын айтты.
Бұған дейін Александр Руцкой Ресей армиясының Украинадағы энергетикалық инфрақұрылымдарға ракетамен соққы беріп жатқаны үшін Кремльді жазғырған еді. Ол РФ билігі өзінің осы әрекеті арқылы барша украинның Ресейді барынша жек көруге мәжбүр етіп жатқанын айтып, мұны Владимир Путиннің мемлекет алдындағы сатқындығы деп бағалаған болатын.