«Аталарымыз көк көзді болған» және «Шыңғыс хан – қазақ»: Қазақстанда жиі кездесетін тарихи мифтер
Ғалым тарихи мифтер көбіне аз зерттелген дәуірлерге қатысты айтылатынын жеткізді
Қазақстан қоғамында жиі кездесетін тарихи мифтер бар. Белгілі тарихшы Жақсылық Сәбитов тарихи аңыздардың қайдан шығатынын және онымен қалай күресу керек екенін айтып берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның айтуынша тарихи мифтер аз зерттелген дәуірлерге қатысты айтылады. Алайда онымен күреспесе, салдары елдердің арасындағы алауыздыққа әкелуі мүмкін деп есептейді.
«Егер ол туралы айтылса, демек қоғамда оған деген сұраныс бар. Адамдардың көбі кәсіби тарихшы емес. Адам өзі қызықпаған тақырыбын зерттеуге көп энергия жұмсамайды. Мифтердің қарапайым құрылымы тарихи шыңдыққа қарағанда жеңіл қабылданады. Жалпы мифтер туралы айтпай-ақ қоюға болатын еді, алайда кейде олар жойқын күшке ие бола алады. Көбіне зиянды жағынан. Мысалы, орыстар мен украиндер бір халық деген миф көрші елдің қазіргі әрекетіне алып келді. Сондықтан ол өте маңызды нәрсе және үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Кейде тіпті мифтер саяси-ұлттық құрылымның бөлігіне айналып кетуі мүмкін. Егер ол мемлекеттік идеологияның бір бөлшегіне айналса, қарапайым адамдардың тағдырына әсер етуі де мүмкін. Мәселен, былтыр жазда «Шыңғысхан қазақ» деген мифтің салдарынан Моңғолиядағы ғылыми-зерттеу мақсатындағы сапарымыздың соны мен және бірге барған әріптестерім үшін түрмемен аяқтала жаздады», – деді ол TEDx Talks алаңында сөйлеген сөзінде.
Тарихшы Моңғолия үкіметі Шыңғысханды «қазақтардан қорғауды» мықтап қолға алғанын айтады.
«Ал Моңғолияда ғұндарды моңғолдандыруыдың ұзақ процессі жүріп жатыр. Барлық зерттеуші мамандар ғұндар түркілердің арғы аталары деп айтып жүр. Алайда Моңғолдардың бұған көзқарасы басқаша. Жалпы мифті тарихты терең білмейтін, бірақ өз тарихи қазынасын көбейтіп көрсеткісі келетін адамдар жақтайды. Қазақстанда «Шыңғысхан қазақ» деген миф болғанымен ол идеяға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілмейді. Ал Моңғолияда «ғұңдар моңғол тілдес болған» деген идея мемлекеттік деңгейде дәріптеліп, тіпті мектеп қабырғасында айтылады», – деп қосты ол.
Сондай-ақ ғалым елімізде көптеген тарихи аңыздар кең таралғанын айтады. Соның ТОП-3 тоқталып өтті.
«Нөмірі бірінші миф нағыз қазақтар көк көзді аққұба болған дейді. Әлеуметтік зерттеудің нәтижесіне сәйкес, сауалнама қатысқандардың 50 пайызы оған сенеді. Қазақстанда физикалық антропологияның классигі Оразақ Смағұлов ағамыз бар. Ол тарихи ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ғалым, Қазақстанның ежелгі қоныстарынан антропологиясынан бастап, қазіргі заманды зерттеді. Көптеген зерттеулерден кейін ол андронов дәуірінен бастап қазіргі замандағы қазақтардың арасында 40 ғасырлық сабақтастық бар деген ұйғарымға келді. Яғни физикалық сабақтастық тізбегі бар. Бұл миф Оразақ Смағұловтың қиын ғылыми зерттеуінің қарапайым тілмен түсіндіру болып табылады», – деді тарихшы.
Тарихшының пікірінше, тағы бір кең таралған миф «Шыңғыс хан қазақ болған». Жабық әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, оған ел халқының 25 пайыз сенеді деп есептейді.
«Бұл миф тәуелсіздік алғаннан кейін кең тарала бастады. Бірақ ол мемлекеттік емес, халықтың миф. Ол қалай пайда болды? Адамдар Қазақстанның орта ғасырлық тарихын көп білмейді, Калашников, Ян сияқты жазушыларды оқығанда Шыңғыс ханның әскерінің рулық құрылымы қазақтарға ұқсас екенін аңғаруға болады. Онда жалайырлар, қоңыраттар, керейлер мен басқа да рулар кездеседі. Екеуін салыстырып, ұқсастықты көрген соң Шыңғысхан қазақ деп айтады. Алайда ғылыми қоғамдастық бұл мифті ғылымға қарсы деп есептейді», – деп толықтырды спикер.
Қазақстандықтар жиі айтатын тарихи тағы бір миф жоңғар шапқыншылығына байланысты. Әрі аңыздың кең таралуына саяси элитаның өзі мүдделі болған.
«Бұл аңыздың бірнеше қыры бар. Біреуі Ресей империясы қазақтарды жоңғарлардың геноцидінен қорғап қалды деген әфсана. Бұл барлық тарихи мәліметтерге қайшы келеді, онда саясат көп әрі совет дәуірінде пайда болды. Оған сеніп, әлі күнге дейін «біз қазақтарды жоңғар шапқыншылығынан сақтадық» деп бетіне басатындар бар. Жоңғар шапқыншығына қатысты аңыздың тағы бір түрі тәуелсіздік жылдарында пайда болды. Ол Орбұлақ шайқасына қатысты. Нақты айтсақ, 600 қазақ сарбазының 50 мың жоңғар әскеріне қарсы соғысқаны туралы бір дерек дәріптелді. Фильм түсіріліп, талай шығарма жазылды. Бұл аңыздың археологиясын талдасақ, орыстың бір шығармасы болды. Онда азғантай қазақтың жаудың қалың қолына қарсы шыққаны туралы жазылды. 90-жылдары бір пысықайлар соны алып, Алматы облысының аумағында өткен шайқас деп шығарды. Сондай-ақ Орбұлақ шайқасының басты қаһарманы болып шапырашты руынан шыққан Қарасай батыр «бекітілді». Яғни аңыз мемлекеттік қолдауға ие болды. Не себепті екені айтпаса да түсінікті», – дейді Сәбитов.
Оның айтуынша, жақында Орбұлақ шайқасына қатысты тың дерек табылды. Онда Өзбекстан мен Үндістанға қатысты мәліметтер бар. Қазір мамандар шайқас Түркістан немесе Жамбыл облысында өткен болуы мүмкін деп топшалайды.
Осы ретте дереккөздермен жұмыс істеу мәселесі туындайды. 1969 жылы белгілі тарихшы Вениамин Юдин Қазақстан тарихы, оның ішінде Қазақ хандығы бойынша 25 жаңа дереккөзді аудару қажеттілігі туралы жазды. Содан бері жарты ғасыр өтті, сол 25-тің небәрі 4-еуі ғана аударылды. Екеуін Юдиннің өзі аударды. Тарихи ғылым үш кезеңге бөлінеді, біріші кезеңде шығыстанушылар, филологтар мен лингвистер ғылыми айналымға жаңа дереккөздер мен деректерді енгізе бастайды. олар ежелгі қолжазбаларды аударып, ғылыми айналымға мұрағат материалдары, анықтамаларды немесе т.б. енгізеді. Екінші кезеңде жиналған деректерді рас па, әлде жалған ба деп оларға талдау жасалады. Тарихи дереккөздер қателесуі немесе өтірік айтуы мүмкін екенін білеміз, яғни бір жағынан олар саясиландырылып өтірік болуы немесе сипаттайтын оқиғадан географиялық, хронологиялық, лингвистикалық тұрғыдан алшақ болуы да мүмкін. Сондықтан дәл осы кезеңде біз дереккөздерден фактілерді бөліп көрсетеміз, – деді ғалым.
Үшінші синтез кезеңінде бұл фактілердің барлығы болған оқиғаның бірыңғай көрінісі айқындалады. Аталған тарихи картина жалпыға қолжетімді болады, басқа да ғалымдар,, мәдениет қайраткерлері мен мемлекеттік идеологтар олар осы картиналарға назар аудара бастайды. Нәтижесінде мерейтойлар, көркем туындылар, фильмдер мен театр қойылымдарының пайда болады.
«Тарих ғылымы туралы айтқан соң оның дамуына кедергі келтіретін проблемалары жөнінде де айтуымыз керек. Басты проблема - мамандардың жетіспеушілігі. Сондай-ақ соңғы жылдары біз ғылымның, оның ішінде тарихи ғылымның азды-көпті қаржыландырыла бастағанын көре бастадық. Алайда тарихшыларға грантты беріп тастап, проблеманы шешіп тастамайсыз. Өйткені қаржының көлемі емес, ең бастысы оның тұрақты қаржыландыруда. Ғылымға салынған қаржы ұзақ әрі тұрақты болса, тарихи картинаны қалыптастыруға болады. Метафораның тілімен айтсақ, ғылым – ол гүл, ал қаржыландыру – ол су. Гүл жайқалып өсуі үшін күн сайын белгілі мөлшерде су құйып отыру керек. 11 ай бойы суармай, 12-ші айында судың бір жылдық мөлшерін құйып тастап, оның жайқалып өскенін күту дұрыс емес. Сондықтан, қайталап айтам, қаржының көлемі емес, тұрақтылығы маңызды», – деп қорытындылады Жақсылық Сәбитов.