Алматының әкімі ескі үйлерді бұзу туралы айтты
Қаланың тарихи келбетін сақтауға тырысамыз, – деді Ерболат Досаев
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуде ескі панельді үйлерді бұзуға қатысты ұстанымын жеткізді.
Кездесуде қала тұрғындарының бірі Алматының тарихын сақтап қалуды сұрап, әкімнен қала орталығңындағы ескі үйлерді бұзбау керектігін өтінген еді.
Қала әкіміне айтарым, жаңа тұрғын үй салатын болсаңыздар, орталыққа тиіспеңіздер. Өйткені бұл – біздің тарихымыз. Ескі үйлердің бұзылмағаны маған алматылық ретінде өте маңызды, – деді қала тұрғыны.
Ал Ерболат Досаев орталықтағы ескі үйлерді бұзу мәселесі Алматы қаласының қала құрылысы кеңесінде қаралатынын, дегенмен 1940, 1960 жылдары салынған үйлерді бұзуға тура келетінін ескертті.
Орталықты қазіргі қалпында сақтағымыз келсе, адамдар 1940, 1960 жылдары салынған үйлерде тұрады деген сөз. Ал 60-80 жыл бұрын жүргізілген коммуникацияны өздеріңіз жақсы білесіздер. Олар ескірген, жаңартуды қажет етіп отыр. Әрине, біз Алматының тарихи келбетін барынша сақтауға тырысамыз. Бірақ модернизация өзінікін істетпей қоймайды. Өйткені адамдар басқалар сияқты өркениеттің барлық игілігін көргісі келеді, – деді ол.
Оның айтуынша, қазір панельді үйлерді жаңарту мүмкін емес.
«Кезінде оларды АДК (Алматы үй құрылысы комбинаты, – ред.) салған. Бұл үйлер – біздің тарих. Бірақ оларды бұзу керек деп ойлаймын. Өйткені 25 жылдан астам уақыт бойы біз өскен шағын аудандардағы панельді үйлер ұзаққа төтеп бере алмайды. Қала жаңартылады. Тарихи келбетін сақтаймыз. Дегенмен жаңарту бағдарламасы, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту толығымен іске асады», – деді қала әкімі.