«Депутат мандаты маңызды болды». Жамбыл Ахметбеков те ҚХП-дан шығып кетті
Бұған дейін Ерлан Смайылов пен Ғазиз Құлахметов те шыққандарын мәлімдеген болатын
Мәжіліс сайлауы алдында Қазақстан халық партиясының ішіндегі ахуал ушыға түскендей. Кеше саяси ұйымның құрамынан тағы бір белсенді мүшесі шығып кетті. Мәжілістің үш шақырылымында депутат болған, екі рет президент сайлауына түскен Жамбыл Ахметбековтің мұндай шешім қабылдауына жаңа басшылықпен түсінісе алмауы себеп болған.
Бұған дейін төменгі палатаның VII шақырылымында депутат болған Қазақстан халық партиясының екі мүшесі Ерлан Смайылов пен Ғазиз Құлахметов те одан шыққандарын мәлімдеген болатын. Бұл туралы олар БАҚ-қа берген сұхбатында айтқан. Алайда бір емес, үш бірдей белсенді мүшесінен айырылған Қазақстан халық партиясының басшылығы бұған аса алаңдап отырған жоқ.
Үшеуінің кеткенімен партияның ортасы ойсырап қалды деп айта алмаймын. Мәселе басқада. Қалай және қандай жағдайда кеткені маңыздырақ. Не дегенмен Қазақстан халық партиясының атынан депутат болғандар. Одан қалды, партиядан Парламент тарағаннан кейін шығып отыр.
Демек оларға депутат мандаты маңызды болды. Әйтпесе Мәжіліс таратылғанға дейін өз ұсынысын немесе наразылығын айтып кетуге де болар еді», - дейді ҚХП төрағасының орынбасары Наиль Сайфуллин.