Украина әскерінің бас қолбасшысы армияға мұраға алған 1 млн долларын берді
Ол ақшаны тегі украин америкалық азамат Григорий Степанецтен мұра ретінде алған екен
Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный өзіне мұра ретінде өткен 1 млн АҚШ долларын қарауындағы армияға беретін болды. Бұл туралы The New York Times хабарлады.
Басылымның жазуынша, 24 қаңтар күні Валерий Залужныйдың бұл қаржыны тегі украин америкалық азамат Григорий Степанецтен мұра ретінде алғаны белгілі болған.
Журналистерге бұл оқиға жайлы Степанецтің отбасы айтып беріпті. Оның шындық екенін Украина Қарулы күштерінің баспасөз қызметі де растады.
Америкалық азамат бұл қаражатты Украина Қарулы күштері бас қолбасшысының елдің оңтүстігіндегі ұрыс қимылдарын ұйымдастырудағы шексіз шеберлігі мен батылдығына, соның ішінде Херсон облысындағы жетістіктеріне риза болғанының белгісі ретінде берген. Ал Залужный қолына ақша тиген кезде ойланбастан оны өзі басқарып отырған армияның қажетіне жаратуға шешім қабылдаған.
Тұтастай алғанда, Ресей агрессиясы басталған уақыттан бері украиндар армияның мұқтаждығына 500 млн долларға жуық немесе 22,3 трлн ақша жинап берген екен. Соның ішінде «Вернись живым» қайырымдылық қоры 132 млн доллар жинай алса, Сергий Притуланың қоры 87 млн әкеліпті.
Валерий Залужныйдың 17 қаңтарда Польшаға барып қайтқаны белгілі болды. Осы сапардың аясында ол АҚШ армиясы штабтары біріккен комитетінің басшысы Марк Миллимен бірінші рет ресми бетпе-бет кездескен. Кездесуде Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы АҚШ-қа қару-жарақ беріп тұрғаны үшін алғыс айтқан.