Мемлекетті сақтап қалу үшін біз тек жеңіске жетуіміз керек – Зеленский
Жеңбесек, бәрін жоғалтамыз, - деді Украина президенті
Украина президент Владимир Зеленский мемлекетті сақтап қалу үшін Украинаның Ресейді жеңгеннен өзге жолы жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Украина президенті мұны Ұлыбританияның экс-премьері Борис Джонсонмен бірге Тарас Шевченко атындағы Киев ұлттық университетінің студенттерімен және оқытушыларымен кездесуі кезінде айтты.
Сенбі күні Ұлыбритания Үкіметінің экс-басшысы Украинаға арнайы келген еді.
«Біз жеңуге тиістіміз, – деді Украина президенті өз сөзінде. – Бізде мемлекетті сақтап қалудың бұдан басқа жолы жоқ, тіпті. Бізде Украина азаматы болып қалудың бұдан өзге мүмкіндігі жоқ. Бұл жеңіссіз бізде берік қоғам да болмайды. Егер жеңіске жете алмасақ, біз елден айырылып қаламыз. Сол кезде біздің мемлекетіміздің әрбір бөлігі берік мемлекетті сақтап қала алмауымызға кімнің кінәлі екенін іздестіре бастайды. Ал кінәліні іздеген кезіңде оларды қашанда тез тауып аласың. Бірақ оларды тапқан кезіңде… қамалдан түк қалмайды. Көптеген ұсақ мемлекеттер ғана болады. Бұл – Украина үшін трагедия. Ресейдің ұлттық идеясынан туған трагедия, Ресейдің жанындағы ештеңеге шамасы келмейтін әлсіз мемлекет болып қаламыз. Біздің міндетіміз – қазір қолымызда тұрған ұлтымыздың беріктігін сақтап қалу, қайткен күнде де жеңіске жету! Жеңбесек, бәрін жоғалтамыз. Жеңеміз. Украинаның даңқы арта берсін!».
Зеленский осы кездесуде егер украиндар беріктіктерін сақтап қала алса, Украинаның Ресейді 2023 жылдың өзінде-ақ жеңіп шыға алатынын айтты.
«Мен 2023 жылы-ақ жеңіске жете алатынымызға сенемін. Бәрі біздің қолымызда тұрған жоқ. Десе де, бәрі өзімізге байланысты. Бізге өз беріктігімізді жоғалтып алуға болмайды. Оны жоғалтсақ, соғыс созылып кетеді. Біз бәрібір жеңеміз. Тез жеңіске жетудің екі басты нәрсесі бар – соның ішінде біздің беріктігіміз бірінші кезекте тұр. Ал біздің сырттан беріктігіміз – әріптестеріміздің көмегі. Соның екеуінде де біз биыл жеңіске жетуге қабілеттіміз», – деді Зеленьский одан әрі.
Өз кезегінде Борис Джонсон Украинаның достары «соғысты 2023 жылы аяқтау үшін барынша көмектесетінін» айтты.