Президент Александр Вучич Ресейдің отандастарын соғысқа арбап апаруын айыптады
Сербия билігі «Вагнер» компаниясының өз елінен жалдамашы алуына тыйым салып, Украинаға көмек беруге шешім қабылдады. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.
Ресейдің Еуропадағы жақын одақтасы Мәскеуден іргесін түпкілікті аулақ салды. Сербия президенті Александр Вучич «Вагнер» жеке әскери компаниясының сербтерді Украинадағы соғысқа арбап апаруына тыйым салды. Республика билігі болса, өз кезегінде енді Киевке гуманитарлық көмек көрсетуге шешім қабылдады, – делінген хабарламада.
Сербтердің Украинаға көмегі бұл елдегі энергетика жүйесіне қолдау көрсету мақсатында бірқатар жабдықтарды жеткізіп беру түрінде жасалады. Өйткені Ресей өткен жылдың 10 қазанынан бері ондаған мәрте ракетадан жаппай соққы жасап, Украинаның энергетика жүйесін қатардан шығарып тастаған болатын. Соның салдарынан ондаған миллион адам жарықсыз, жылусыз және сусыз қалды. Қазір Украина әлі күнге дейін электр қуатын кезек-кезек беріп тұруға мәжбүр болып отыр.
Ресей басқыншылары бомбалап тастағаннан кейінгі зардаптарды жеңілдетуге бірнеше ел қолын созды. Солардың қатарындағы Әзербайжан мен Қазақстан Украинаға энергия жүйесін қалпына келтіру үшін электр генераторлары мен трансформаторларын жіберді. Енді бұлардың қатарына Сербия қосылып отыр.
Сондай-ақ Сербия өз елінде Ресейдің «Вагнер» атты ұйым өкілдерінің еркін жүріп, Украинадағы соғысқа жалдамалы жауынгерлер алып кетіп жатқанына ашу-ыза білдіре бастады. Сол себепті бұл ұйымның мұндай әрекетіне тыйым салатын жарлық дайындалды.